news-img

Алты ай бойы ерлік салтқа төрін берген Отырар,
Алты ай бойғы алапатта жеңілмеген Отырар
Алты-ақ күнде жермен-жексен қирады...

Отырар қазақ тарихы үшін әлі де толық ашылмаған дүние. Бұл біздің мақтанышымыз ба, трагедиямыз ба? Біз бұл тарихи оқиғадан сабақ алдық па?

"QAZAQ KINOSY: TOP-10 FILM" жобасы аясында көрсетілген, талқыланған соңғы фильм режиссер Ардақ Әмірқұловтың «Отырардың күйреуі» кинокартинасы болды. Фильмді талқылауға философия ғылымының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия кафедрасының меңгерушісі Әсет Құранбек пен саясаттанушы,  «Саяси шешімдер орталығының» сарапшысы Арман Әміров қатысты. Спикерлердің айтуынша біз әлі де өзіміз зерделеп, өзіміз жазған тарихты емес, өзгелер өзіне тиімді интерпретацияда жазған тарихты оқып келеміз.  

Қазақстанда тәуелсіздік жылдарынан бері тарихи фильмдерге аз бюджет бөлмеді. «Отырардың күйреуі» картинасының идея авторы кинодраматург Зәуреш Ерғалиева бұл  фильмге тарихшы Ермұхан Бекмахановтың еңбегі себепші болғанын айтады. Алайда режиссер Ардақ Әмірқұловтың 1991 жылы түсірген «Отырардың күйреуі» фильмін тарихи фильмнен гөрі, философиялық астарлы драма деген жөн болар.

Фильмде Шыңғысхан әсеріне астыртын жіберілген ержүрек, батыл Інжудің құлдан мыңбасыға дейін көтеріліп, Хорезм ханына ел басына түскен қауіп туралы айтпақ болады. Фильм тек «қыпшақ ұлының» көзсіз батырлығын, елі үшін өзін құрбан ететін адалдықты ғана жырламайды. Жан түршіктірер кадрлар астарында режиссердің сенім, опасыздық, адамгершілік туралы жеткізген ойы бар. Философ Әсет Құранбек қатал, сұсты Қайыр ханның адами трагедиясына үңілу керегін айтады. 

Жобаның соңғы кездесуінде осы кино кештеріне тұрақты қатысқан көрермендер тарапынан да жылы лебіз айтылды. Кино тек эстетикалық ләззат беретін, көңіл көтеретін дүние емес, бұл адамның ой-санасын кеңейтіп, адамгершілік  қасиеттерінің де ашылуына ықпал ететін ғажап құбылыс. Тек ол үшін киноны көре білу, фильм жасаушының жеткізгісі келген «хабарламасын» түсіне білу керек. "QAZAQ KINOSY: TOP-10 FILM" жобасының авторы, Қор жанындағы мәдениет жөніндегі кеңестің мүшесі драмматург Әннәс Бағдат осы шараны өткізуге қолдау білдірген АҚШ-тың Қазақстандағы Дипломатиялық миссиясы мен  Сhevron компаниясына және Nursultan Nazarbayev Қорына алғысын білдіреді.

Түсініктеме қалдыру