Алматыда балаларға арналған кітаптардың тұсауы кесілді
Еліміздің кітап қоры қазақстандық авторлардың балаларға арналған жаңа туындыларымен толықты. Балалар әдебиетінің сериясы «Tentek Jurek» деп аталды.
«Tentek Jurek» - «Tentek» балалар мен жасөспірімдер әдебиеті баспасының бірегей өнімі. Бұл «ЖасSTAR Grants Program» шығармашылық жобалар байқауының қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев Қорының грант иегері атанған.
Серияға әрқайсысы 500 данадан тұратын төрт кітап кірген: «Балалық шақ деген не?/Что такое детство?» (авторлары Мәдина Баренова және Айша Сырымбаева); «Майя» (авторы Мадина Баренова); «Красная история в черный горошек/Қып-қызыл әңгіме, қап-қара нүктелер» (авторы Гүлшат Манаш); «Мои первые слова» (авторлары Полина Качалина және Әсел Ләмежанова).
- Қазақстанда жазылған, жарияланған және кітап дүкендері мен кітапханаларға түскен балаларға арналған кітап өте аз, тіпті жүзден бірі деуге болады. Баспахана бұл серия арқылы жас оқырмандарға қазақстандық авторлар жазған кітаптармен танысуға мүмкіндік береді әрі осы үрдісті өзгертуге тырысады, - деді жобаның шығарушы редакторы және баспаның негізін қалаушы Малика Кохан.
Барлық кітап қазақ және орыс тілінде жазылған. «Tentek Jurek» сериясы – стильді иллюстрация мен жылы сөздерге толы қарапайым әрі шынайы әңгімелер. Авторлар бұл еңбек ешкімді бей-жай қалдырмайтынына сенімді.
- Кітап дүкеніне келгенде әрқашан қазақ тіліндегі басылымдарды іздеп балалар әдебиеті сөресіне баратынмын. Басқа адамның да іздеген кітабын тапқанын қалаймын. Бұл балаларды қуантады деп ойлаймын, - дейді авторлардың бірі Айша Сырымбаева.
Кітаптардың алғашқы оқырмандары балалар әлеуметтік мекемесінің тәрбиеленушілері мен бастауыш сынып оқушылары болды. Кітаптар көктемде сатылымға шығады. 16 наурызда Алматыдағы «Меломан» дүкенінде тұсаукесері өтеді.
- Жобаны іске асыруға қол ұшын созған Қорға алғыс айтамыз. Кітаптар жоғары сұранысқа ие, бұған балаларымызға кітапхана таңдағанда көз жеткіздік. Бұл жобада ұсынылған кітаптар әртүрлі тақырыпта жазылған, былайша айтқанда түсінікті тілде балалармен өзіндік әңгімелесу, - деді автор Гүлшат Манаш.