Мектеп және колледж оқушылары арасындағы бизнес жобалар байқауы
Бизнес ойлауды дамыту және кәсіпкерліктің негіздерін түсіну кез-келген адамның бәсекеге қабілеттілігінің маңызды құрамдас бөлігі. Қазіргі әлем жылдам шешімді, икемді дағдыны, өткір ақыл-ойды және ұжымда жұмыс істеуді талап етеді. Бұл қасиеттерді ерте жастан игеру маңызды. Көптеген білім беру мекемесі бұған ерекше назар аударады.
Кәсіпкерлер мен креаторлардың жетекші ұстаханасының бірі «Тұран» университетінде бәсекеге қабілеттілік дағдысын дамытуды мектептен бастау керек екенін жақсы біледі. Сол себепті бұл оқу орны «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп бірнеше жылдан бері Алматы қаласындағы мектептер мен колледждердің оқушылары арасында «Үздік бизнес жоба» байқауын өткізіп келеді. Биыл ол 5 мамырда «Бизнес, мемлекет және білім: инновациялық үдерістегі өзара іс-қимыл моделін қалыптастыру» халықаралық ғылыми-тәжірибелік форумы аясында өтеді.
Сайысқа мұғалімнің басшылығымен құрамында үш адамы бар команда қатысады. Жарысқа 5-сыныптан бастап орта және орта кәсіптік білім беру ұйымдарының оқушылары қатыса алады.
Байқау екі кезеңнен тұрады:
• I кезең (3 мамырға дейін) – қоғамдық қорғауға жіберу үшін жобаларды бағалау және іріктеу.
• II кезең (5 мамыр) – офлайн форматта сарапшылардың алдында жобаларды қорғау.
Қазылар алқасының құрамына «Атамекен» ҰКП өкілдері, «Тұран» университеті экономика факультеті «Менеджмент» кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы кіреді.
Байқау қорытындысы бойынша үздік жұмыстарға жүлделі орындар беріледі. Жеңімпаздарға мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар, соның ішінде «Тұран» университетіне түсуге жеңілдік сертификаттары беріледі.
Байқауға Нұрсұлтан Назарбаев Қоры қолдау көрсетеді.
Толық ақпарат: Разакова Дина Ибрагимовна: +7 701 723 7130, d.razakova@turan-edu.kz, e.eralina@turan-edu.kz (тақырыбы: «Үздік бизнес жоба» байқауы)