Қонаев қаласында ерекше қажеттілігі бар балалардың «Жаңа көзқарас» фотокөрмесі өтіп жатыр
Есту, көру қабілеті бұзылған балалар, сонымен бірге психоневрологиялық бұзылысы, Даун синдромы бар және церебральды сал ауруымен ауыратын балалар бүгін Қонаев қаласында өтіп жатқан «Жаңа көзқарас» республикалық фотокөрмесінің бас авторлары болып табылады.
Көрме Нұрсұлтан Назарбаев Қорының балаларды әлеуметтендіруге, олардың шығармашылық дамуына жәрдемдесуге бағытталған ірі жобасының бір бөлігі болып табылады. Бұл 2017 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді.
Көрмеге дейінгі жоба аясында 7-17 жас аралығындағы балаларға танымал фотограф Эрик Ваззолердің шеберлік дәрістері ұйымдастырылады. Шығармашылық сабақтарда балалар суретке түсіру өнерін үйренеді.
2017 жылдан бастап Шымкент, Алматы, Астана, Қарағанды, Теміртау, Арал, Талдықорған, Тараз және Абай облысы Саржал ауылының балалары үшін шеберлік дәрістері мен көрмесі ұйымдастырылды.
Биыл шеберлік сағаттары сәуір және мамыр айларында өтті. Оған Жезқазған және Рудный қаласының балалары қатысты.
Шеберлік сағатынан өткесін балаларға арналған «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында тегін демалыс ұйымдастырылды. Ал бүгін – балалар фототуындыларының көрмесі. Көрме балалардың әлемге деген көзқарасын көрсетеді, түсірілім кезіндегі эмоциясын, таң қалдырған жайттарын бейнелейді.
- Балалар жобаға қатысқанына өте қуанышты, шеберлік дәрістерінен өтіп, суретке түсіру өнерін меңгеріп, қала сыртына шығып, демалып, көрмеге қатысты. Бұл балалардың ойлау қабілетін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды жоба, - дейді Эрик Ваззолер.
- Мұндай жобалардың маңызы зор. Олар қоғамға әлемге ерекше баланың көзімен қарауға мүмкіндік береді. Балалар үшін бұл жаңа нәрсені үйренуге, қызықты адамдармен танысуға, саяхаттауға мүмкіндік. Осы жобадан кейін біздің балалар суретке түсіру өнерімен шұғылданатынына сенімдімін, - дейді «Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған Рудный арнайы мектебі» КММ тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Дана Нұрымбаева.