news-img

Іле Алатауы ұлттық саябақ аумағына төрт күн бойы «ЖасSTAR» халықаралық шығармашылық жастар фестиваліне қатысушылар жиналды. Мұнда «Маралсай» туристік кешенінде 200-ден астам жетекші өнер қайраткері мен креативті тап өкілі білімімен бөлісіп, тәжірибе алмасады.

20 маусымда басталған «ЖасSTAR» фестивалі өзінің жан-жақты әрі мазмұнды бағдарламасымен ерекшеленеді. Биылғы жылы жоба театр, драматургия, кино, вокал, электронды музыка, заманауи өнер, би, жаңа медиа, поэзия, әдебиет және шығармашылық саладағы іс-шараларды қамтыды. Фестивальді Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырған.

- Биылғы фестивальдің ерекшелігі бағдарламаның әртүрлілігі мен мазмұнында. Фестиваль аясында public talk, дәрістер, воркшоптар, панельдік пікірталастар, шеберлік дәрістері, artist talk, перформанстар, шығармашылық шеберханалар, тренингтер, семинарлар және т.б. өтеді. Әрбір қатысушы өзінің жеке және кәсіби қажеттілігіне сай іс-шараны таба алады. Басты мақсатымыз жас шығармашылық қайраткерлерге өз әлеуетін көрсетуге, дамуға, пікірлес жандарды табуға, идеясын бөлісуге, жаңа білім алуға жағдай жасап, мүмкіндік беру, - деді Қор жобаларының аға үйлестірушісі Тимур Исмаилов.

Қатысушыларға  Art of Her бас редакторы Рус Бикетов және өнертану кандидаты Ольга Батурина заманауи өнер және оның даму үрдістері туралы қызықты дәріс өткізді. «Jusan» маркетинг департаментінің Team Lead Айбол Қалыбаев инвесторға өз идеясын қалай таныстыру керектігін айтты. «Заманауи интерпретациядағы ұлттық бірегейлік» воркшопын Global Nomads және Mimioriki киім брендтерінің директоры Инна Апенко жүргізді. Әрі «Шығармашылық индустриялар – адамдар үшін болашақ» атты панельдік пікірталас өтіп, «Kazakh Tourism» ҰК АҚ креативті туризм департаментінің директоры Ирина Харитонова оның модераторы болды.

Ақын Азиза Әмірдің «Поэтика» ақындар клубы, суретші Анастасия Жарконың линогравюра бойынша шеберлік дәрісі, АсАбАлАр театрының playback-театры бойынша воркшоп, ақын Аян Марокконың artist talk, «Отырар» студиясының қыш өнері бойынша шеберлік дәрісі, аспаз Ернұр Айтқазиннің «Қазақтардың қонақжайлылығының генетикалық коды» chef talk қызықты өтті.

Классикалық музыканы жақсы көретіндер үшін нағыз мереке — Қор лауреаттарының концерті ұйымдастырылды. Оған белгілі қазақстандық әртістер, еңбек сіңірген өнер қайраткерлері және халықаралық байқаулардың лауреаттары: Талғат Мұсабаев, Медет Чотабаев, Галина Чеплакова, Ермек Құрманаев, Жібек Сапарғалиева, Наталья Мезина, Дамир Сәдуақасов және дирижер Мұхтар Қалдаяқовтың жетекшілігімен Алматы қаласы симфониялық оркестрінің музыканттары қатысты.

Қатысушыларды алда әлі талай қызықты бағдарлама күтіп тұр.

Түсініктеме қалдыру