news-img

Елордада кино туралы танымал сайтVosmerka.kz командасы әзірлеген Zamanmedia.kz қазақстандық кино тарихының мультимедиялық архивінің тұсауы кесілді.

Zamanmedia.kz отандық кинематография туралы өмірбаян, фильмография, сирек кездесетін фотосурет, бейне және аудиоматериал сынды жазбалар жарияланатын интернет-портал. Ресурстан автор, фильм немесе оқиғалар туралы білгісі келген адам мейлінше мол ақпарат ала алады.

Vosmerka.kz командасының идеясына айналған жобаның іске асуына Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мұрындық болған. Былтыр команда «ЖасSTAR Grants Program» шығармашылық жобаларын жүзеге асыруға талантты жастарға арналған республикалық гранттар байқауы жеңімпазының бірі атанып, 2 млн.теңге сомасына қаржылай қолдау алды.

Айта кетейік, дарынды жастарға арналған гранттар байқауын Қор 2008 жылдан бастап өткізіп келеді, бұған белсенді жандар үлкен қызығушылық танытып отыр. Былтыр байқауға қатысу үшін 400 өтінім келіп түскен.

«Біз алғаш рет 2018 жылы осындай жұмыстың қажеттілігін сездік, сол кезде РФ Мемлекеттік фильм қорынан Мәжит Бегалиннің алғашқы фильмі келгеннен кейін қарапайым қазақстандық көрермендерден басқа да туынды іздеуді немесе режиссер, суретші, актер, оператор туралы ақпарат сұраған көптеген хабарлама келді. Зерттеу барысында ашық ресурста оның бәріне қолжетімділіктің жоқ екені анықталды. Міне, осы қажеттіліктен Zamanmedia жобасы дүниеге келді», - деді тұсаукесер кезінде Zamanmedia.kz жоба жетекшісі Евгений Лумпов.

Евгений Лумповтың айтуынша, жоба бірнеше жыл бойы зерттеліп, команда құрылымы мен стратегиясын әзірледі, даму кезеңдерін белгіледі.

- «Бүгін жоба бірінші кезеңде. Біз қарапайым әрі түсінікті навигациясы бар интернет-портал құрдық, аудиториямызды қалыптастыру және пікірлес адамдарды іздеу үшін әлеуметтік желілерді іске қостық, түпнұсқа мазмұн бойынша белсенді жұмыс жүргіземіз. Біздің осы кезеңдегі назарымыз қазақ кинематографы тарихының кеңестік кезеңінде шоғырланған, өйткені сол дәуірге байланысты адамдар да, материалдар да – бұл киногерлердің тілімен айтқанда «қатары сиреп жатқан» дүние. Алдағы уақытта тәуелсіздік кезеңіне назар аударылады, бұл бағыттағы жұмыстар қазір жүргізіліп отыр», - деді жобаның архив қызметін үйлестірушісі Александра Поршнева.

Тұсаукесер кезінде Zamanmedia командасының мүшелері ресурстың функционалдығы, оның дамуы, сонымен қатар, оны дамытуға ниетті барлық жанның қатыса алатындығы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Сайт 12 қыркүйек күні іске қосылады.

Түсініктеме қалдыру