news-img

Шеберлік дәрістері, жастар мен оқытушыларға арналған тренингтер, білім беру жобаларының тұсаукесері, ерекше қажеттілігі бар балаларға қолдау көрсету, көрнекті мәдениет қайраткерлерінің концерті – Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен серіктестері осындай бағдарламамен Шымкент қаласына келді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының күндері Шымкентте 10-13 қазан аралығында өтеді. Қор өңірлерге әркез мазмұнды бағдарламамен келеді, оның басты мақсаты жастардың дамуы мен зияткерлік өсуіне ықпал ету, аутизмі, сал ауруы, ақыл-ой кемістігі бар балаларды оңалту үшін жақсы жағдай жасау, мәдени құндылықтардың сақталуын қолдау.

2023 жылғы 11 қазанда Қор бағдарламасы «Талант №1» жекеменшік орта мектебінде қалалық робототехника мұғалімдері үшін спорттық робототехника бойынша оқыту курсын өткізуден басталды. «Роботек» жетекші робототехника мектебінің мамандары білімін бөлісті. Мектеп сарапшыларының командаларды ірі турнирге дайындауда үлкен тәжірибесі бар. «Роботек» 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде мамандар 7000 жасты оқытты, 340 мұғалім біліктілікті арттыру курсынан өтті, 75 бала ел ішіндегі біріншіліктерде жүлделі орындарға ие болды, 5 жасөспірім Қазақстан құрамасы сапында әлем чемпионатына қатысты.

Екі күндік курсқа қатысатын қала мұғалімдері (11 және 12 қазан) сабақтың әдістері мен формасы туралы құнды ақпарат алады, балаларда инженерлік ойлауды қалай дамыту керектігі туралы біледі.

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы «El umiti» Корпоративтік қоры білім беру жобаларының роуд-шоуы кезінде әр оқушыға өз әлеуетін іске асыруға, жаңа білім алуға мүмкіндік беретін жастар жобалары туралы сөз қозғалды.

Тұсаукесер қаланың білім бөлімінің қызметкерлері мен орта мектеп директорлары үшін ұйымдастырылды.

«Еl Umiti» корпоративтік қоры біздің «Мың бала», «Qabilet», «Birge Oqý», «Тәуелсіздік дәуірі», «Еl Umiti», «Smart Ustaz» және т.б. жобаларымыз арқылы Қазақстанның балалары мен жастарының таланттары мен қабілеттерін дамытуға жағдай жасайды. Олар еліміздің түкпір-түкпіріндегі мыңдаған жастың жаңа дағдысын дамытуға, әлеуетін ашуға және алғашқы жеңіске жетуіне мүмкіндік береді», - деді «El umiti» КҚ басқарушы директоры Алина Хаматдинова.

«El umiti» КҚ қызметкерлері ел бойынша 2020 жылдан бері барлығы 618 мыңнан астам оқушы қамтылғанын айтты. Оның ішінде 1342 оқушы «Дарын», БИЛ, РФММ мектептеріне оқуға түсті.

Тағы бір жоба – «Qabilet» қабілеттілікті диагностикалау және кәсіптік бағдарлау қызметінен 2021 жылдан бастап 233 600-ден астам бала өтті.

«Birge oqy» онлайн платформасы 6-8 сыныпта оқитын 10 мыңға жуық оқушыға синхронды оқыту форматында академиялық қолдау көрсетті, 3-10 сыныптың 8,5 мың оқушысы асинхронды оқыту форматында қосымша білім алды.

Төл тарихты біліп, коммуникациялық дағдыны дамытуға, оқушыларға арналған пәндік олимпиадаларды жақсартуға мүмкіндік беретін «Тәуелсіздік дәуірі» ойыны, мұғалімдердің кәсіби және сабақтас құзыреттерін дамытатын «Smart ustaz» бағдарламасы – осы және басқа да «El umiti» КҚ жобалары роуд-шоу кезінде көрініс тапты.

Пікірсайыс қозғалысын қолдау – «El umiti» КҚ-ның тағы бір маңызды бағыты. Қор еліміздің белсенді пікірсайысшылары арасында үнемі біріншіліктер ұйымдастырып, үздіктеріне халықаралық жарыстарға қатысуына мүмкіндіктер жасайды. Биыл алғаш рет біздің пікірсайысшылар Ален Аксенов пен Алина Каримова Ұлыбританияда өткен халықаралық біріншілікке – жас пікірсайысшыларға арналған Ұлттық чемпионатқа қатысты.

«Талант №1» мектебінде өткен шымкенттік балаларға арналған шеберлік дәрісінің бірінші күні шешендік өнер, көпшілік алдында сөз сөйлеу, идеяларды қорғау тәсілі мен пікірталас форматы жайлы айтылды. Екі күн бойы балалар терең білім мен тәжірибелік кеңестер алады.

12 қазанда оқушылар, студенттер мен педагогтар журналистика, робототехника, медицина және музыкалық шығармашылық саласындағы шеберлік дәрістеріне қатысады.

Түсініктеме қалдыру