Алтыншаш Мұқатаева тыңдарманға шабыт сыйлаған әнші
Мәдениет және өнер саласындағы шығармашылық жобаларға арналған республикалық гранттар байқауы жеңімпазының бірі Алтыншаш Мұқатаева. Ол музыкалық композиция жазу үшін Нұрсұлтан Назарбаев Қорынан грант алды.
Алтыншаш – Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның вокал бөлімінің артисі. Туабітті мүгедектігіне қарамастан, талантты бойжеткен республикалық және халықаралық байқауларға үнемі қатысады. Ол сүйікті ісімен айналысу арқылы қандай жағдай болса да үлкен жетістікке жетуге болатынын дәлелдеді.
Алтыншаш Мұқатаева түрлі салада тер төккен. Бұл үшін біліміне көз жүгірту жеткілікті. Колледжде дизайнер мамандығын меңгерді. Алғашқы жоғары білімі психология. Ал Қазақ ұлттық өнер университетінде алған екінші білімі оған үлкен сахнаға жол ашты. Былтыр Алтыншаш «Эстрада өнері» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алды.
Музыканың арқасында Алтыншаш өзінің арманы мен идеясын іске асырады. Жастар мен ерекше қажеттілігі бар адамдарға шабыт беретін музыкалық шығармалар жазуды өзінің міндеті санайды.
Гранттың арқасында Ескендір Хасанғалиев пен Әбдірахман Асылбековтың «Аңсағаным» әнін өзіне лайықтап жазды. Алтыншашты қолдаған комиссия мүшелері бұл оның шығармашылық әлеуетін іске асыруға серпін беретінін және мүмкіндігі шектеулі жандарға одан әрі сенім ұялатып, шабыт сыйлайтынын атады.
«200 шығармашыл жастың арасынан мені таңдағанына қуаныштымын. Дарынды жастарды қолдайтын, өнер мен кәсібилікті бағалайтын Қорға шексіз ризамын!», - деп Алтыншаш Мұқатаева әсерін бөлісті.
Композицияны барлық қолжетімді музыкалық платформадан https://onerpm.link/236164084827 тыңдай аласыздар.