Петропавлда мемлекеттік ерте араласу орталығы ашылды
Петропавл қаласында «Қамқорлық» мемлекеттік ерте араласу орталығының ашылуы нейро-ортопедиялық бұзылысы бар ерте жастағы балаларға сапалы медициналық көмек көрсетуде маңызды қадам.
2 ақпан күні облыстық перинаталдық орталығындағы «Қамқорлық» филиалының салтанатты ашылуына Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Рүстем Құрманов, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры бас директорының орынбасары Досбол Көшербаев, «Қазақстан халқына» ҚҚ талдау және даму орталығының басшысы Серікбек Елшібеков және «Қамқорлық Қоры» директорының орынбасары Гүлмира Әбелдинова қатысты.
«Қамқорлық» орталығы 0 жастан 3 жасқа дейінгі туа біткен және жүре пайда болған нейро-ортопедиялық бұзылысы бар балаларға арналған. Жыл сайын мұнда 600 бала тегін оңалтудан өтеді. Облыстық әкімдік жүргізген жөндеу жұмыстарының арқасында балалар мен ата-аналар үшін жайлы атмосфераны құруға ерекше көңіл бөлінді.
Оңалту дәрігерлері, невропатологтар, ЕДШ нұсқаушылары, кәсіптік терапевттер, логопедтер мен дефектологтардан жасақталған мамандардың көпсалалы тобы білікті көмек көрсетуге дайын. Оқыту және біліктілікті арттыруға Нұрсұлтан Назарбаев Қоры қолдау көрсетеді.
Орталықты жарақтандыру үшін АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Ресей және Қазақстан өндірген сараптамалық сыныптағы ең жаңа оңалту және диагностикалық жабдықтар іріктеліп алынды. Орталықта мотометрлер, вертикализаторлар, Rifton тренажерлері, «Головастик», «Кузнечик» төсемдері, «Атлант» костюмдері; иммерсиялық ванна, сенсорлық, шунгитті және тұзды бөлмелер; аудиометриялық модуль және ЭЭГ аппараты сынды техникалық оңалту құралдары мен жабдықтар бар.
«Қамқорлықтың» басқа орталықтарының тәжірибесі оңалтудан көрінеді. Ашылғаннан бері 36 мыңнан астам бала оңалтудан өтті, олардың 3000-нан астамы ем-домнан ақырындап жүре бастады.
«Қазіргі таңда Қазақстанда 104 мың мүгедек бала тіркелген. «Қамқорлық» ерте араласу орталықтарының негізгі мақсаты – балалардың ерте мүгедектігіне жол бермеу. Сонымен қатар, 18 жасқа дейінгі балаларға жағдай жасау мақсатында Петропавлда оңалту орталығын ашу жоспарланған. Бұл баланың туғаннан бастап ересек жасқа дейінгі денсаулық жағдайын үздіксіз бақылауды қамтамасыз ететін оңалту моделін құруға мүмкіндік береді. Біз сапалы оңалту Қазақстанның барлық өңіріндегі балаларға қолжетімді болатынына қуаныштымыз. Бұл маңызды жобаның серіктестері «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан халқына» қорлары», - дейді «Қамқорлық Қоры» КҚ директорының орынбасары Гүлмира Әбелдинова.