news-img

Астанада Нұрсұлтан Назарбаев Қоры «Бас редакторлар клубы» үкіметтік емес ұйымымен бірлесіп журналистика факультетінің студенттеріне «Заманауи медиа құпиялары» атты шеберлік сабақтарын өткізді.

Шеберлік сабақтарын көп жылдық тәжірибесі бар және он  шақты маңызды жобаларды жүзеге асырған журналистер мен медиа менеджерлер өткізді.

«Хабар» телеарнасының редакторы, тележүргізуші, «Мөлдір сөз», «Тіл жанашыры» блогының авторы Мөлдір Доспаева теледидардағы жұмысты қалай бастау, өзіңе деген сенімділікті арттыру, анық дикцияны қою, сөйлеу үлгілерін дұрыс қолдану, т.б.  тақырыптар бойынша сөз сөйледі.

Саяхат-блогер, экологиялық белсенді және қоғам қайраткері Яков Федоров цифрлық медиадағы маңызды дағдылар, ақпаратты ұсынудың мазмұнды және тартымды форматтарының құпиялары, сондай-ақ әлеуметтік желілерде әртүрлі аудиториялармен қалай жұмыс істеу керектігі туралы баяндады.

Журналист, сценарист, деректі және медиа менеджер Айгүл Әділова сапалы сұхбаттар мен қызықты жаңалықтар шығарудың қыр-сырымен бөлісті. Сондай-ақ аналитикалық журналистиканың ерекшеліктері және басқа да білген-түйгені туралы әңгіме қозғады.

Медиа-менеджер және коммуникациялар сарапшысы Ұлан Әбішев PR-дағы қателіктер, дұрыс ақпаратты ұсыну формалары, PR стратегиясын құру мүмкіндіктері және т.б. мәселелерді сөз етті.

Шеберлік сабақтары барысында басқа да шақырылған қонақтар – тәжірибелі журналистер мен PR саласындағы сарапшылар сөз сөйледі. Студенттер белсенді түрде сұрақтар қойып, тренингтерге қатысты және осындай іс-шаралар  тағы өткізілсе деген тілегін білдірді.

 – Университетте көбіне теориядан өтеміз. Бізге тәжірибелік дағдылар мен қазіргі БАҚ мамандарымен қарым-қатынас жетіспейді. Сондықтан мұндай кездесулер өте пайдалы! Ақыл-парасатымыз артып, дайындығымыз артып жатыр», – деп 3-курс студенті Дамира Төлеген шеберлік сабағынан кейін ойын білдірді.

Түсініктеме қалдыру