«Ұлттық музыкалық аспаптар әлеміне саяхат» - ұрпақты біріктіретін музыка

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті музейінің «Ulttyq Qazyna» мәдени-ақпараттық жобасы аясындағы жарқын оқиғаның бірі «Ұлт аспаптар әлеміне саяхат» («Ұлттық музыкалық аспаптар әлеміне саяхат») интерактивті дәріс-концерті болды.
Дәріс-концерт қазақтың көрнекті дирижері әрі композиторы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналды. Іс-шараның мақсаты – қазақтың мәдени мұрасын сақтау және насихаттау, кең аудиторияны дәстүрлі музыкалық өнермен таныстырып, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылықты арттыру.
Іс-шара барысында қатысушылар Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония музыканттары орындаған композитордың туындыларын, халық ән-күйлерімен танысты. Сонымен қатар, қазақ халық аспаптарының тарихы, ерекшеліктері және олардың мәдениеттегі орны туралы қызықты мәліметтер алды.
Айта кетейік, «Ulttyq Qazyna» мәдени-ақпараттық жобасы – ұлттық құндылықтарды ілгерілету мақсатында білім беру, интерактивті және цифрлық форматтарды біріктіретін ірі бастама. Бағдарлама музыка, халық ауыз әдебиеті, сәндік-қолданбалы өнер және материалдық емес мәдени мұра элементтерін қамтиды.
Жобаның ерекшелігі деп дәстүрлі әдістер мен заманауи технологиялардың үйлесім табуын айтуға болады. Бұл қазақ мәдениетін жастардан бастап аға буынға дейінгі кең аудиторияға қолжетімді әрі тартымды етеді.