АСТАНАДА ASTRA CUP ШАХМАТ ТУРНИРІ ӨТТІ

Астана мен өңірлерден келген 9-60 жас аралығындағы 120 адам Astra Cup шахмат турниріне қатысты.
Зияткерлік сайысты Astana Орталық шахмат клубы Нұрсұлтан Назарбаев Қорының, Astana astra railways және Астана қалалық шахмат федерациясының қолдауымен ұйымдастырды.
Бұл турнир әрқайсысында 4 адамнан тұратын командалық жарыс ретінде өтті.
– Турнир жастар мен ересектер тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Қатысушылардың арасында біздің мектептің шәкірттері де бар, олардың қатарында гроссмейстерлер, ФИДЕ шеберлері, халықаралық шеберлер де кездеседі. Жыл соңына дейін серіктестерімізбен бірге тағы 8 турнир өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Astana Орталық шахмат клубының құрылтайшысы, халықаралық төреші Диас Исабаев.
Турнирге алғаш рет жаңадан бастағандар да, зор жетістікке жеткендер де қатысты:
- Аңсат Алдияр – халықаралық шебер, 15 жасында ерлер арасындағы Қазақстан чемпионы атанды, 2025 жылғы Әлем кубогына іріктеу турнирінің жеңімпазы;
- Ахмединов Сәтбек – блиц бойынша Азия чемпионы;
- Сүлеймен Ерғали – рапид және блиц бойынша әлем чемпионы;
- Анетов Әміржан – рапид және блиц бойынша әлем чемпионы;
-Аманжол Ханзада - классикалық шахматтан әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
Astra Cup турнирі қызықты спорттық іс-шара ғана емес, сонымен қатар, Қазақстанда шахматты ілгерілету жолындағы маңызды кезең болды. Қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, стратегиялық ойлау қабілетін және спорттық рухты көрсетті.
Мұндай іс-шаралар жастардың зияткерлік әлеуетін дамыту мен еліміздегі шахмат қозғалысын нығайтуда маңызды рөл атқарады. 2025 жылға жоспарланған келесі турнирлер сериясы да мазмұнды әрі қызықты болмақ.