Зерендіде мәдениет, спорт және көшбасшылық тақырыбына арналған музейлік бағдарлама өтті

Зеренді ауылында өтіп жатқан El Umiti CAMP – 2025 жазғы лагері аясында Тұңғыш Президент музейі дарынды оқушыларға арнап «Бір күн – мың қыр» атты интерактивті музейлік бағдарламаны ұйымдастырды. Оған 200 дарынды оқушы қатысып, түрлі шеберлік дәрістері мен тренингтерге қатысты.
Бағдарлама 4 тақырыптық бөлімнен тұрады. Әр бөлім еліміздің мәдениеті мен рухани құндылықтарына терең бойлап, жастарды ұлттық мұрамен жақынырақ таныстыруды көздейді:
• «Ұлттық музыка» – қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары туралы дәрістер;
• «Өнер» бөлімі бейнелеу өнерінің негізгі ұғымдарын тәжірибе жүзінде игеруге бағытталып, шығармашылық ойлау мен көркемдік қабілетті дамытуға ықпал етті;
• «Бірінші болу уақыты» көрмесі – егемен ел спортының қалыптасу жолын көрсететін бірегей көрме. Мұнда Тәуелсіздік алған күннен бастап халықаралық ареналарда атой салған спортшылардың фотосуреттері, жеке заттары, спорттық киімдері, медальдары мен марапаттары қойылды. Экспозиция Олимпиада ойындары, әлем және Азия чемпионаттарында ел намысын қорғаған чемпиондар мен жүлдегерлердің жеңісті жолынан сыр шертеді;
• «Болашақ Олимпиадасы» квесті – бес түрлі станциядан тұратын командалық зияткерлік және спорттық ойын. Қатысушылар футбол дриблингі арқылы ептіліктерін көрсетіп, олимпиадалық викторинада білімін сынады, дәлдік пен тапқырлыққа негізделген тапсырмаларды орындап, «Олимпиадалық мәреде» пазл құрастырды.
Бағдарламаның барысында оқушылар тарих пен мәдениетке қатысты сұрақтарға жауап беріп, шығармашылық тапсырмаларды орындады. Олардың жұмыстары негізінде шағын көрме жасақталып, жас жеткіншектердің ой-өрісі мен көркемдік талғамы айқын көрініс тапты.
Маңызды іс-шаралардың бірі – салауатты өмір салтын насихаттап, жастардың ішкі ынтасын оятып, болашаққа деген жауапкершілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған атақты қазақстандық спортшылармен кездесу болды.
«Табыс жолы» атты бейресми кездесуде оқушылар ел намысын қорғаған спорт саңлақтарымен еркін сұхбат құрып, көкейде жүрген сұрақтарын қойып, пайдалы кеңестер алды.
Музейлік бағдарламаның қорытындысы ретінде ерекше көзге түскен, көшбасшылық қабілеті мен шығармашылық бастамасын танытқан қатысушыларға арналған марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаздарға естелік дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.