Қор стипендиаты Дария Қуатқызы: Еңбегіңіз бен табандылығыңыз әрдайым табысқа жеткізсін!

Небәрі 24 жастағы алматылық Дария Қуатқызы қазірдің өзінде біраз айтулы байқауда топ жарған дарынды пианист. Ол бүгінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Фортепиано» мамандығы бойынша магистратурада білімін шыңдап жүр.
Дария үшін музыка кәсіп қана емес, бұл оның өмірлік мұраты, сезім мен ойдың, үміт пен шабыттың тілінде әлеммен сырласу амалы. Ол классикалық туындылардың да, заманауи шығармалардың да қыр-сырын терең түсінеді, әрбір әуеннен жаңа бояу мен нәзік астар таба біледі. Оның шығармашылық ізденісіндегі ең басты қызығушылығы — музыкадағы интертекстуалдылық ұғым. Бұл тақырыпты ол магистрлік зерттеуінде арқау еткен. Сонымен бірге жас пианист ұстаздық қызмет атқарып, студенттерге дәріс береді.
Дария — халықаралық және республикалық ауқымды байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы:
• 2012 жылы Күләш Байсейітованың мерейтойына арналған байқауда — І орын;
• 2014 жылы А. Жұбанов атындағы халықаралық байқауда — І орын;
• 2015 жылы Республикалық байқаудың Гран-при иегері;
• 2016 жылы Санкт-Петербургтегі Мария Юдина атындағы байқауда — ІІІ орын;
• 2020 жылы Алматыдағы «Jiger Synergy» халықаралық байқауының Гран-при иегері;
• 2021 жылы Уфада өткен «Голос рояля» бүкілресейлік байқауында — ІІІ орын;
• 2021 жылы Одессадағы «Музыка Пальмиры» халықаралық байқауында — І орын;
• 2023 жылы «Еуропа–Азия» III пианистер байқауында — І дәрежелі лауреат атағы.
Бұл оның сан жетістігінің бір парасы ғана.
Дарияның айтуынша, өнер жетістікке жету жолынан да биік ұғым. Ол өзгеге рухани шабыт сыйлаудың, жаңа ой мен жаңаша көзқарасты таратудың, ұрпаққа тәжірибе мен білім қалдырудың бірегей мүмкіндігі.
Қор стипендиясы жайлы ол университет қабырғасында жүргенде білген. Құжат жинау мен портфолио әзірлеу оңайға соқпаса да, бұл оның өмірінде қызықты да маңызды белеске айналды.
Бүгінде ол стипендияны тек материалдық қолдау емес, еңбегінің лайықты бағалануы, болашаққа қанат бітірер ынталандыру деп қабылдайды.
«Еңбегіңіз бен табандылығыңыз әрдайым табысқа жеткізсін!», - деп Дария отандастарына Қазақстанның бай мәдени мұрасын қадірлеп, дәстүрді дәріптеп, қорықпай армандауға шақырады.