news-img

Білім беру мен әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру – Нұрсұлтан Назарбаев Қорының соңғы 20 жылдан астам уақыт бойғы айнымас ұстанымы.

Бұл Қор күндерін аймақтарда өткізу барысында айқын аңғарылады.

Осы аптада Қор қызметкерлері мен серіктестері ауқымды бағдарламамен Солтүстік Қазақстан облысына келді.

Петропавлда «El umiti» корпоративтік қорының білім беру бастамалары таныстырылды. Роуд-шоу кезінде «El umiti» өкілдері білім бөлімдерінің басшылары мен орта мектеп директорларына жобалардың міндеті мен маңызы туралы айтты.

Мәселен, «Qabilet» қызметі оқушылардың қабілетін анықтап, кәсіби бағдар беретін, дарынды балаларды қолдап, жетелеуге бағытталған жүйе. «Smart Ustaz» жобасы ұстаздардың баланың бойындағы эмоцияны тану, психофизиологиялық дамуын бағалау дағдысын жетілдіретін курс.

 

«El Umiti Премиясы» спорт, дарынды шыңдау, кітап оқу, ұлттық мұра, еріктілік, туристік жорықтар және еңбек тәжірибесі сынды жеті бағыт бойынша жастардың қабілетін дамытуға арналған жоба.
«Роботек» робототехника мектебі бірнеше күн бойы «Arduino негізінде бағдарламалау және шығармашылық жоба жасау» атты көлемді курс өткізді. Бұл мүмкіндік информатика пәні мұғалімдеріне бағдарламалау мен робототехника саласында білімін тереңдетуге жол ашты. Курста қарапайым роботтан бастап, түрлі смарт-құрылғыларға дейін жасайтын креативті жобаларға ерекше мән берілді.

 

Мектеп оқушыларының білімін арттырып, заманауи дағдысын қалыптастыру үшін спорттық робототехника бойынша арнайы курс ұйымдастырылды. Сонымен қатар педагогтар, психологтар мен мектеп басшылары «Педагог мамандығында эмоционалдық күйзелістің алдын алу. Эмоционалдық интеллект (EQ) және эмпатия», «Мектеп жасындағы балалардың қабілетін анықтау және «4К» дағдысын дамыту әдістемесі», «Айтыс өнері» тақырыбында білімін толықтырды.

 

«Дискуссияны дамыту» дәрісі 100-ден астам студент пен оқушыға шешендік өнерді меңгеруге жол ашты.

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры қызметкерлерінің өңірдегі сапарының ең маңызды бөлігі – «Қамқорлық» оңалту орталықтарына бару болды.

 

Петропавлдағы «Қамқорлық» ерте араласу орталығы 2024 жылы ашылған. Жылына орталықта 3 жасқа дейінгі нейро-ортопедиялық ауытқуы бар 600-ге жуық баланы қабылдайды.

Облыс орталығындағы екінші орталық – «Қамқорлық» оңалту орталығы да өткен жылы ашылды. Мұнда 3 жастан 18 жасқа дейінгі тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар емделеді.

 

Жалпы, «Қамқорлық» бастамасы аясында 5 жылда 52 орталық ашылды:26-і оңалту орталығы, 19-ы ерте араласу орталығы, 7-еуі аутизмі бар балаларға арналған орталықтар.

Бұл бастаманы жүзеге асыруға «Самұрық-Қазына Trust», «Қазақстан халқына» қорлары мен өңір әкімдіктері серіктес болып отыр.
Өңірлерге сапар кезінде ең белсенді ҮЕҰ-ға ақшалай сертификаттар табыстау игі дәстүрге айналды.

Петропавлда аймақтың үш ұйымы – мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын арттырумен айналысатын «АРДОС-Жүрек» заңды тұлғалар бірлестігі, «Салауатты өмір салты үшін жастар» қоғамдық бірлестігі және білім беру жобаларын жүзеге асыратын «Leader Qyzyljar» ЖШС Нұрсұлтан Назарбаев Қорынан 1 миллион теңгеден иеленді.

Бұл қаржы өңірде әлеуметтік маңызы бар іс-шараларды өткізуге жұмсалмақ.        

Бөлісу