Қор стипендиаты Альмира Жолмұрзаева: Әлем күн сайын өзгеріп жатыр, тек білім арқылы бәсекеге қабілетті бола аласыздар

Бүгін біз сіздерді Ақтөбе топырағынан түлеп ұшқан, талайға үлгі болған сан қырлы студент Альмира Жолмұрзаевамен таныстырамыз. Небәрі 20 жаста болса да, ол қажырлы еңбегімен, табандылығымен және ғылымға деген шынайы сүйіспеншілігімен көзге түсіп жүр.
Альмира – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Психология» мамандығы бойынша 3-курста оқиды. Ол білім алумен қатар, ғылым әлеміне де батыл қадам жасап келеді. Мақалалар жазады, жинақтарға жариялайды, конференцияларға қатысады.
Бойжеткен ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмысты маңызды орынға қояды. Аутизм спектрінің бұзылуы, Даун синдромы, сөйлеу дамуының кешігуі, психикалық дамудың кешігуі және балалардың церебралды параличі диагнозы бар балалармен жұмыс істеуде Альмираның тәжірибесі мол. Сонымен бірге, ол би мен спортқа уақыт табады, шет тілдерін үйренуді де назардан тыс қалдырмайды.
Альмираның жетістіктері таңдай қақтырады:
• «ЖАСТАР, ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯ» халықаралық конференциясында III дәрежелі диплом;
• Coursera платформасында шетелдік университеттердің (Wesleyan University және Yale University) 5 курсын аяқтаған;
• үздік академиялық үлгерімі мен белсенді ғылыми ізденістері үшін ҚР Президентінің шәкіртақысын иеленген.
Альмира үшін Қордың стипендиясы материалдық қолдаудан бөлек, оның еңбегіне берілген баға, қажырлы еңбектің зая кетпейтінін айғақтайтын сенім. Бұл шәкіртақы жаңа белестерге жетелеп, үлкен мақсаттар қоюға, қоғам мен ел игілігіне үлес қосуға шабыт береді.
«Күшіңізге сеніңіздер, қателесуден қорықпаңыздар, үйреніңіздер, ізденіңіздер. Әлем күн сайын өзгеріп жатыр, тек білім арқылы бәсекеге қабілетті бола аласыздар. Үлкен мақсаттарға ұмтылыңыздар, бір-біріңізге қолдау көрсетіңіздер, бірге мықты да әділетті Қазақстанды құрайық», - дейді Қазақстан жастарына арнаған үндеуінде Альмира.
Альмираның өмір жолы мақсат қоя білудің, білімге деген құштарлықтың, қоғамға пайда әкелсем деген ойдың ақиқатқа айналатынын дәлелдейтін жарқын үлгі.