news-img

ТМД елдері мен Сербияның 15 кәсіби сәулетшілер одағы ұсынған 132 сәулет нысаны. Биылғы «Астана–2025» халықаралық сәулет фестивалінің ауқымы осындай.

 

Фестиваль Тұңғыш Президент музейінің ұйымдастырушылық қолдауымен және Халықаралық сәулетшілер одақтары қауымдастығының бастамасымен өткізіліп отыр. Бұл ЮНЕСКО мойындаған, сәулет саласындағы жетекші халықаралық ҮЕҰ болып саналатын Халықаралық сәулетшілер одағының (МСА/UIA) ресми өңірлік ұйымы.

 

Бұл фестиваль Еуразия кеңістігіндегі кәсіби түрде пікірлесу мен үздік сәулет жобаларын ұсынуға арналған маңызды алаң. Мұнда қала құрылысы мен сәулеттік жобалау саласындағы жаңа үрдістер талқыланып, жыл сайынғы Халықаралық сәулетшілер одақтары қауымдастығы үйлестіру кеңесінің отырысы өтеді. Кеңес аясында қауымдастықтың Президенті мен Вице-президенті сайланбақ.

 

Барлығы 132 жобаны арнайы комиссия бағалап, үздік жұмыстардың авторлары «Алтын медаль» иегері атанып, сондай-ақ I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталады.

Фестивальдің дәл Астанада өтуінің маңызы зор. Бұл Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі сәулет диалогының орталығы ретіндегі беделінің артып келе жатқанын айғақтайды.
Қазақстан Республикасының Сәулетшілер одағы Халықаралық сәулетшілер одақтары қауымдастығының құрылтайшысы болып табылады, ал 2003 жылы елорда сәулетшілерінің ұйымы қауымдастық құрамына енген.

«Қазақстандық сәулетшілер Халықаралық сәулетшілер одақтары қауымдастығы аясындағы жұмыстарға белсенді қатысып келеді әрі үлкен жетістіктерге жетті. Қауымдастық байқауларында 11 «Алтын медаль» мен Гран-при иеленді», - деді Халықаралық сәулетшілер одақтары қауымдастығының вице-президенті, Астана қаласы Сәулетшілер одағының басқарма төрағасы Серік Рүстембеков фестивальдің ашылу рәсімінде.

Бөлісу