Болашақ мамандарды қолдау: үздік студенттерге атаулы шәкіртақы табысталды
Астанада оқу, ғылым және шығармашылық салада зор жетістікке жеткен жастар марапатталды. Мұнда Нұрсұлтан Назарбаев Қорының студенттік шәкіртақылар жөніндегі республикалық байқауы қорытындыланды.

«Өнер және мәдениет» бағыты бойынша еліміздің жоғары және орта арнаулы оқу орындарының күндізгі бөлімінде білім алып жүрген 40 студент Қордың атаулы шәкіртақысын иеленді. Қор шәкіртақысы жалпыға бірдей белгіленген мемлекеттік стипендияға қосымша төленеді.

Үздік студенттер конкурстық негізде іріктелді.

Байқау талабы бойынша үміткерлер кемінде оқудың екі курсын үздік аяқтауға, жоғары академиялық үлгерім көрсетуге, қоғамдық және білім беру іс-шараларына белсенді қатысуға, сондай-ақ, республикалық және халықаралық фестивальдер мен байқауларда жетістікке жетуге тиіс болды.

Биылғы байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 259 өтінім қабылданды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлының айтуынша, атаулы шәкіртақы тағайындау – білімге ұмтылған жастардың еңбегін мойындау мен қолдаудың маңызды тетіктерінің бірі.

«Қор бұл жобаны 2010 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Осы уақыт ішінде шамамен 5 000 өтінім қабылданып, 1 039 студент стипендия иегері атанды. Олардың көбі бүгінде өз ісінің білікті маманына айналып, мәдени әрі ғылыми-зерттеу бағытында белсенді еңбек етіп, елдің дамуына үлес қосып келеді. Студенттердің әрбір жеңісі – жаңа серпін, жаңа мүмкіндікке жол ашады», – деді Әлкей Марғұланұлы.

«Түрлі халықаралық байқауларға, республикалық олимпиадаларға қатыстым. Бұл жетістіктерім Қор стипендиаты атануыма септігін тигізді. Үздіктер қатарында болғаныма өте қуаныштымын! Бұл өзімді дамытуға, жаңа биіктерге ұмтылуға үлкен серпін береді», – деді Caspian University-дің 3-курс студенті Ален Новоселов.

«Astana Musical» театрының жарқын шығармашылық қойылымдары, Қордың дарынды стипендиаттарының өнері, сондай-ақ, Қазақстанның халық артисі Нұржамал Үсенбаева мен Біржан Хасанғалиев және т.б. еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлерінің құттықтау сөздері салтанатты кештің сәнін кіргізді.

