news-img

Түркістанда аутизм және басқа да менталдық ауытқуы бар балаларға арналған «Қамқорлық» орталығы салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқарма төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі София Айсағалиева, сондай-ақ «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова қатысты.

Орталық бірнеше серіктестің бірлескен ауқымды жұмыс нәтижесінде ашылды. Түркістан облысының әкімдігі ғимарат ұсынып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ішкі жабдықталуын қамтамасыз етті. 

Орталықты қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтауға «Samruk-Kazyna Trust» пен «Қазақстан халқына» қорлары қаржылық қолдау көрсетті. Ал Нұрсұлтан Назарбаев Қоры маман даярлауды ұйымдастырды. 

Орталық 3 жастан 18 жасқа дейінгі 125 балаға арналған.

Орталықтағы жұмыс арнайы әлеуметтік қызметтердің мемлекеттік стандартына сай ұйымдастырылған. Мұнда жеке және топтық сабақтарға арналған арнайы кабинеттер бар. Сенсорлық бөлме, музыка кабинеті, қыш, ағаш өңдеу және тігін шеберханалары жұмыс істейді. 

 

Орталық қызметкерлері АВА-терапия бойынша оқудан өтті. Алдағы уақытта олар үшін 30 бағыт бойынша оқыту жоспарланған. 

Орталық Түркістан қаласының тұрғындарына ғана емес, облыс аудандары мен елді мекендеріндегі балалар үшін де қолжетімді. Балалар екі ауысыммен қабылданады.

«Аутизм және менталдық ауытқуы бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін мұндай орталықтар үлкен демеу. Себебі мұнда көрсетілетін қызметтердің барлығы тегін, ал көмекті білікті мамандар ұжымы көрсетеді. Біз серіктестерімізге алғыс айтамыз және күшімізді біріктіру арқылы бұдан да көп балаға көмек көрсете алатынымызға сенеміз», – деді «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова.   

 

Күндізгі орталыққа баланы қабылдау үшін мынадай құжаттар қажет: мүгедектік туралы анықтама, жеке оңалту және абилитация бағдарламасы (ЖОАБ), онда психоневрологиялық патологиясы бар балаларға арналған күндізгі бөлімге жолдама көрсетілуге тиіс және психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның қорытындысы. 

Орталықтың мекенжайы: Түркістан қаласы, Б. Саттарханов даңғылы, 31.

 

 

Бөлісу