news-img

Жаңа жыл қарсаңында Қордың Алматыдағы өкілдігі мейірім мен қамқорлыққа зәру балаларға арналған бірқатар мерекелік іс-шара ұйымдастырды.

Алматы қаласы мен Алматы облысында бастауыш сынып жасындағы балаларға жаңа жылдық қойылымдар көрсетіліп, сыйлықтар табысталды. Олардың қатарында түзету мектеп-интернаттарында тәрбиеленіп жатқан балалар, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған өрендер, сондай-ақ әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар бар. Көпшілігі үшін мұндай жүздесу өзін елеп-ескерген жан барын сезінуге, айналаны кернеген шат күлкіге елітіп, бақытты балалық шақты сезінуге берілген сирек мүмкіндік.

Мерекелік бағдарламалар мектеп-интернаттарда, әлеуметтік қолдау орталықтарында және арнаулы мекемелерде өтті. Сүйікті ертегі кейіпкерлері сахнаға шығып, ойын мен би, әуен мен күлкі астасқан жарқын жаңа жылдық көріністер залды шаттыққа бөледі. Сабынды көпіршіктер ауада қалықтап, аквагриммен әр бала қиялын бейнеледі, ал Аяз атаның келуі мерекенің шырайын кіргізді. Әр бала өз қалауынша белсенді қатысып не сырттай тамашалап, өзін ортақ қуаныштың бір бөлшегі ретінде сезінді.

Қор ерекше қажеттілігі бар балаларды да назардан тыс қалдырған жоқ. Паллиативтік көмекке мұқтаж бүлдіршіндер мен денсаулығына байланысты үлкен жиынға қатыса алмайтын балдырғандар үшін жеке құттықтаулар ұйымдастырылып, жаңа жылдық сыйлықтар дәл сондай ілтипатпен, дәл сондай қамқорлықпен табысталды.

Жалпы, бұл игі бастама мыңға жуық баланың жүрегіне қуаныш ұялатты. Бұл жай құрғақ есеп емес. Бұл балалық күлкінің сыңғыры, шынайы таңданысы, жүректе оянған үміт пен қасында бей-жай қалмайтын жандардың бар екенін сезіну.

Жаңа жыл – жақсылыққа үміт артатын шақ. Ал сол сенім нақты істермен бекігенде, ол бала есінде ұзақ уақыт бойы сақталып, қауіпсіздік пен жылулықтың, үміт пен сенімнің символына айналады. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры талай бала мен отбасы үшін дәл осындай мағыналы мерекені сыйлай алды.

Қордың жаңа жылдық бастамалары әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы балаларды қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы. Осындай сәттерде мереке жасанды салтанаттан арылып, қамқорлық, тұрақтылық, жан жылуы сынды шынайы құндылықты сезінуге жол ашады

Бөлісу