news-img

2025 жыл Тұңғыш Президент Музейі үшін ерекше серпінді болды. Тарих туралы әңгіме тек көрмелерден тұрмайды: ол сапарлардан, кездесулерден, талқылаулардан, адамдардың шынайы сөздерінен құралады. Біз ел тарихындағы маңызды белестерді жаңаша қырынан таныстыратын жобалар ұсынып, қоғаммен жақындасуға бағытталған мәдени бастамаларды жүзеге асырдық. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституцияның 30 жылдығы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – осы жылдың мазмұнын айқындаған негізгі тақырыптар болды.

Жыл басында Алматы және Қарағанды облыстарындағы музей, архив және кітапхана қызметкерлерімен кездесулер өткіздік. Музей қызметкерлеріне, мұрағатшыларға, өлкетанушылар мен аймақтық мәдениет мекемелерінің мамандарына бағытталған семинарларда саладағы өзекті мәселелер, аудитория қызығушылығы, жад институттарының жаңа рөлі туралы ашық, шынайы әңгімелер өрбіді.

Музейдің «Дәуір жасампаздары/Замандастар» тарихи-мемориалдық жобасы да жаңа мазмұнмен толықты. Ассамблеяның мерейтойына арналған «Бірлік жолы» көрмесі мен «Уақыт көпірі» дефилесі елдің этникалық әралуандығын айшықтады. Қазақстанға депортацияланған халықтардың ұрпақтары, мәдениеттанушы әрі жазушы Ю. Серебрянский қатысқан «Ұрпақтар жады» диалог алаңы жүректі толқытқан әңгімелерге толы болды. Осы бағыттағы маңызды қадам – депортация, қуғын-сүргін, тың игеру кезеңдері туралы естеліктерді біріктіретін «Менің тарихым» электрондық архивінің іске қосылуы. Жадыны цифрға көшіру – біздің болашаққа жасаған нақты қадамымыз. Жылдың жылы сәттерінің бірі Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының «Достық жыры» концертінің премьерасы – музыка арқылы айтылған бірлік туралы әңгіме. Бұл іс-шаралар тарихшыларды, этномәдени бірлестіктердің өкілдерін, жер аударылған халықтардың жадын сақтау тақырыбына қызығушылық танытқан адамдарды жинады.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар да келушілердің жадында терең із қалдырды. Қазақстан Республикасының Ұлттық кітап палатасымен бірлескен «Ұлы Жеңіс: парақ беттеріндегі ақиқат» кітап-иллюстрациялық көрмесінде майдангер-жазушылардың шығармашылығы жаңа қырынан көрсетілді. Алғаш рет соғыс жылдарындағы газет-журналдар, майдан даласынан жеткен жазбалар, кітаптар, үгіт-насихат плакаттарының түпнұсқалары қалың көпшілікке ұсынылды. Өз өмірін қаза тапқан сарбаздардың есімдерін қайтаруға арнаған адам, «Мемориалдық аймақ» іздеу жасағының жетекшісі, профессор Майдан Құсайыновтың жас буын – 7-11 сынып оқушыларымен өткен «Қайтарылған есімдер» диалог алаңы – тарихи жады туралы, ұрпақтардың жауапкершілігі туралы ой қозғаған, бейресми, эмоционалды әңгіме болады.

Елорда күніне арналған «Тәуелсіздік келбеті» жобасы қаланың тарихы мен мәдени бейнесін жан-жақты көрсетті. Музей келушілеріне «Астана – тәуелсіздік символы», «Дәуір белгілері», «Дәуір. Тұлға. Қоғам» және Нұрсұлтан Назарбаевтың «Шығармашылық сәттері» жеке сурет көрмесі ұсынылды. Бұл елорда тұрғындары мен қонақтарының, студенттердің, қаланың құрметті азаматтары мен алғашқы құрылысшыларының, тарихшылар мен өлкетанушылардың басын қосқан бірегей жоба болды.

Ұлттық мәдениетті насихаттайтын жобалар да жаңа форматтарда ұсынылды. «ULTTYQ QAZYNA» жобасы аясында өткен «Тал бесіктен – жер бесікке» театрландырылған бағдарламасы, жастар мен жасөспірімдерге арналған «1000 қырлы бір күн» интерактивті бағдарламасы, «Ұлт аспаптар әлеміне саяхат» интерактивті дәріс-концерті, «Жанымды тербеткен әуендер» музыкалық перформансы – музей кеңістігін жандандырған, дипломатиялық корпус қызметкерлерінен бастап мектеп, жоғары оқу орындарының шәкірттеріне дейінгі әр алуан аудиторияның қызығушылығын туғызған батыл тәжірибелер болды.

Жылдың мерейтойлық көрмелерінің бірі – «Конституция – халық таңдауы, мемлекет тірегі». Сонымен қатар Музейдің ютуб-арнасында «MURAJAILY» жобасы аясында «Рогов Игорь Иванович: Конституция, жасанды интеллект, реформалар туралы» подкасты жарияланып, еліміздің Негізгі заңының тарихи эволюциясы туралы ой бөлісті. Көрермендер осы арнада «Джамбия. Дәстүрлі қарудың жұмбақтары», «Мәңгілік үні: домбыра мен оның тарихы», «Гольф қалай әлемді жаулады? Таңдаулы спорттың тарихы» сынды қызықты подкасттарды тамашалай алады.

Тағы бір ауқымды іс-шара – 15 елдің сәулетшілерін біріктірген «Астана-2025» халықаралық сәулет фестивалі. Бұл суретшілер, сәулетшілер мен бейнелеу өнерін сүйетін әуесқойлар Музейде бас қосқан кәсіби диалог алаңы болды.

Алда тағы бірнеше маңызды іс-шаралар күтіп тұр: Тәуелсіздік мұрасына арналған фильмдер апталығы, Ғ. Жұбанов атындағы ішекті квартеттің концерті, Тұңғыш Президент және Тәуелсіздік күндеріне арналған «Тәуелсіздік шежіресі» фото-деректі көрмесі. Яғни, жылдық әңгімеміз әлі аяқталған жоқ.

2025 жылы Музей кеңістігі әртүрлі адамдардың үнін естіді: бірінің естелігі, бірінің тағдыры, бірінің әні – бәрі бірігіп ұлттық жадты жаңғыртқан үлкен әңгімеге айналды. Бұл жыл – жай ғана іс-шаралар тізімі емес, қоғаммен құрылған шынайы диалог және тарихты заманауи тілде жеткізуге арналған ізденіс кезеңі болды. Музей осы миссиясын алдағы уақытта да жалғастыра береді.

 

Бөлісу