news-img

 

«StartMe / ЖаңаМен: болашағыңды баста, өзіндік «Меніңді» қалыптастыр» жобасы Әлеуметтік идеялар жәрмеңкесінің жеңімпазы атанып, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен жүзеге асырылды. Әлеуметтік әрі цифрлық сын-қатер жағдайында өмірлік тұрақтылық дағдысын қалыптастыруды көздеген жоба осал топтарға жататын жасөспірімдермен жұмыс істеуге бағытталған.

Жобаны Шығыс Қазақстан Жасөспірімдер үйі базасында «Қоғамды дамытуға ақпараттық қолдау қоры» жүзеге асырды. Оған ресурсы шектеулі әрі әлеуметтік тұрғыдан осал жағдайда өмір сүріп жатқан 14-18 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысты.

«StartMe / ЖаңаМен» тәжірибеге негізделген білім беру моделі ретінде жасалған. Ол қаржылық, құқықтық, цифрлық және эмоциялық сауатты дамытуға, интернетте қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыруға, жасанды интеллектіні саналы пайдалануға, өзін таныстыру мен алғашқы кәсіби бағдарын анықтауға бағытталған.

Жобаның басты ерекшелігі — әрекетке негізделген оқу форматы. Қатысушылар нақты өмірлік мысалмен жұмыс істеп, жеке бюджетті жоспарлауды, құқықтық және цифрлық мәселені талдауды, онлайн қауіптер мен алаяқтықты тануды үйренді, болашаққа қатысты алаңдаушылықты талқылады. Peer-to-peer оқыту форматы қызығушылықты арттырып, жауапкершілік пен дербестікті дамытуға ықпал етті.

Жобаның практикалық нәтижесі айқын: шамамен 40 жасөспірім қамтылып, 5 тақырыптық модуль бойынша 10 білім беру іс-шарасы өткізілді, сонымен қатар «өмірлік стартаптар» ретінде 5 шағын жоба қолдау тапты. Педагогтар тәрбиеленушілердің өзіне деген сенімі мен белсенділігінің артқанын атап өтті, ал қатысушылар ашық әрі қысымсыз форматтың маңызын жоғары бағалады.

Осы айдың басында өткен таныстырылым жобаның сұранысқа ие екенін және әлеуметтік маңызын тағы бір рет көрсетті. Жоба тұрақты тәжірибе ретінде қарастырылып отыр: әзірленген материалдар мен оқу форматы алдағы уақытта кеңінен қолданылып, серіктестердің қолдауымен ауқымын кеңейту жоспарланған.

Бөлісу