Қазақстанның 410 жас дарын иесі музыкалық колледждер орындаушыларының республикалық байқауында өнер көрсетті
Еліміздің үздік жас таланттары музыкалық колледждер орындаушыларының республикалық байқауына қатысты.



Байқауды Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті ұйымдастырды. Бұл өнер додасы биыл 47-рет өткізіліп отыр. Жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қатысушылар үшін бұл байқау үлкен маңызға ие. Ол жас өнерпаздарға қабілетін танытуға, шығармашылық тұрғыдан дамуына жол ашуға және Қазақстанның түрлі облыстарынан келген өзге де колледж студенттерімен танысуға мүмкіндік береді.



Биыл 410 қатысушы аспаптық орындаушылық, вокалдық өнер, хор дирижерлігі, музыка теориясы және актерлік өнер бойынша шеберлік көрсетті.



Нұрсұлтан Назарбаев Қоры байқауға қолдау көрсетіп, «Театр өнері» аталымының демеушісі болды.



— Байқау жас орындаушыларды анықтау және қолдау, ұлттық әрі әлемдік музыкалық мәдениетті сақтау, Қазақстан өңірлері арасындағы мәдени байланысты нығайту және академиялық өнерге деген қызығушылықты арттыру мақсатында өткізіледі, — деді ұйымдастырушылар.

