news-img

Қазақстанның дарынды мектеп оқушылары үшін шешендік өнер, дәлелді пікір айту және көшбасшылық қабілетін дамытуға тағы бір мүмкіндік туды.

21-27 маусым аралығында Астанада Debat Eli Academy 2026 ұлттық дебат академиясы өтіп жатыр. Бұл дебат пен қоғамдық қызметке қызығушылық танытатын оқушыларға арналған еліміздегі ең ірі білім беру жобаларының бірі.

Биыл академияға еліміздің түкпір-түкпірінен 700-ден астам өтінім келіп түсті. Бірнеше кезеңнен тұратын іріктеу нәтижесінде Қазақстанның 20 өңірінен үздік деп танылған 60 оқушы қатысушы атанды. Олар үшін оқу бағдарламасы толықтай тегін ұйымдастырылған. Қатысушылардың жол шығыны, тұруы, тамақтануы және білім алуына байланысты барлық шығынын ұйымдастырушылар көтерді.

Бір апта бойы қатысушылар сыни ойлау, көпшілік алдында сөйлеу және дәлелді пікір айту дағдысын жетілдіріп, сындарлы диалог жүргізудің қыр-сырын меңгереді әрі көшбасшылық қасиетін шыңдайды. Бағдарлама аясында теориялық дәрістер, тәжірибелік пікірсайыс кезеңдері және командалық жұмыстар ұйымдастырылған.

Сабақты Қазақстанның үздік пікірсайысшылары, ұлттық турнирлердің чемпиондары және пікірсайыс қозғалысының белді сарапшылары жүргізеді. Сонымен қатар, ағылшын лигасының жұмысына халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, төрелік еткен тәжірибелі мамандар тартылған.

Ұлттық дебат академиясы қатарынан үшінші жыл өткізіліп отыр. Ол белсенді, білімді әрі азаматтық жауапкершілігі жоғары жас буынды тәрбиелеуге ықпал ететін маңызды алаңға айналды. Академия түлектері республикалық және халықаралық турнирлерде табысты өнер көрсетіп, дайындық деңгейінің жоғары екенін дәлелдеп келеді.

Жоба Debat Eli қоғамдық қорының бастамасымен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының қолдауымен жүзеге асырылуда.

Академия қатысушыларына мазмұнды пікірталас, жаңа білім, тың тәжірибе және жарқын жеңіс тілейміз!

Бөлісу