news-img

Назарбаев орталығында «Креативті индустрия: креатив қалай жаңа валютаға айналып, табыс көзіне айналады?» тақырыбында мазмұнды дәріс пен тренинг ұйымдастырылды.

Іс-шаралар креативті экономиканың қазіргі даму үрдістеріне, шығармашылық идеяларды табысқа айналдыру тетіктеріне және креативтіліктің заманауи қоғамдағы басты бәсекелестік артықшылық ретіндегі рөліне арналды.

Дәріс пен тренингті ұйымдастырған Tan Art Residency және Creative Kazakhstan ұйымдары креативті индустрия өкілдерін, кәсіпкерлерді, суретшілерді, дизайнерлерді, студенттерді, сондай-ақ шығармашылық экономиканы дамытуға және идеясын жүзеге асырудың жаңа мүмкіндіктерін іздеуге ниетті барша азаматтарды қатысуға шақырды.

Іс-шара барысында Creative Kazakhstan агенттігінің директоры, креативті экономика саласының сарапшы-зерттеушісі, бизнес-тренер әрі БҰҰ бағдарламаларының ұлттық кеңесшісі Айгүл Маратқызы және soft skills бағытындағы тренер, психология магистрі, тәжірибелі психотерапевт Гүлшат Мұхитдинова тәжірибесін бөлісіп, салаға қатысты ой-пікірін ортаға салды.

Кездесу аясында қатысушылар білімді, шығармашылық қабілетті және зияткерлік әлеуетті жаңа өнімдер мен жобаларды әзірлеудің негізіне айналдыру жолдарымен танысты. Сонымен қатар, креативті жобаларды табысты жүзеге асырудың нақты мысалдары талданып, олардың тиімді тәжірибелері сараланды.

Бағдарлама барысында шығармашылық әлеуеттің ашылуына кедергі келтіретін психологиялық тосқауылдар кеңінен сөз болып, оларды еңсерудің тиімді тәсілдері талқыланды.

Тренингтің тәжірибелік бөлімінде қатысушылар идеяларды жүйелі түрде қалыптастырудың заманауи әдіс-тәсілдерін меңгеріп, қалыптан тыс шешімдер қабылдау мен креативті ойлауды дамытудың тиімді құралдарын игерді. Іс-шара соңында қатысушылар жаңа білім мен тәжірибелік дағдыларға ие болып, дәріс пен тренингтен сәтті өткенін растайтын сертификаттармен марапатталды.

Бөлісу