Қазақстанның жас дарын иесі халықаралық байқауда топ жарды!
Республикалық Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған орта музыкалық мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы (профессор А.А. Абатованың сыныбы) Исраил Ақжан Еркебұланұлын Венада (Австрия) 2026 жылы 21–27 шілде аралығында өткен Людвиг ван Бетховен атындағы халықаралық скрипкашылар байқауында бас жүлдені – І сыйлықты жеңіп алуымен шын жүректен құттықтаймыз!

Бетховен атындағы бұл байқау – жас скрипкашылардың шеберлігін шыңдайтын Еуропадағы ең беделді өнер алаңдарының бірі. Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен келген дарынды музыканттардың басын қосатын байқауда орындаушылар техникалық шеберлігімен ғана емес, музыкалық талғамы, көркемдік ойлау деңгейі мен сахналық мәдениеті арқылы да сынға түседі. Мұндай байқауда жеңіске жету – өнерпаздың кәсіби деңгейінің халықаралық деңгейде мойындалуы әрі оның шығармашылық жолындағы жаңа белестерге бастар маңызды қадам.

Бұл жеңістің тағы бір айрықша мәні – Нұрсұлтан Назарбаев Қорының жол жүру грантының қолдауымен Исраил Ақжан Еркебұланұлы Қазақстанның атынан осы беделді халықаралық байқауға қатысып, ел абыройын асқақтатты.

Дарынды жастарды қолдау, олардың халықаралық білім және шығармашылық кеңістігінде өз қабілетін танытуына жағдай жасау Қор қызметінің басты бағыттарының бірі. Сондықтан Қордың грант иегерлері әлемдік сахнада Қазақстанның мерейін үстем етіп, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүргені – зор мақтаныш.

Исраил Ақжан Еркебұланұлын, оның ұстазын, ата-анасын және осы жарқын жетістікке үлес қосқан барша жанды шын жүректен құттықтаймыз! Жас өнерпазға шығармашылық шабыт, толайым табыс, биік белестер мен әлемдік өнер кеңістігінде Қазақстанның абыройын асқақтатар жаңа жеңістер тілейміз!
