Президенттік орталықта Семей полигонының жабылуына 35 жыл толуына арналған көрме ашылды
Қазақстан Республикасы Президенттік орталығында Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 35 жыл және Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған «Полигон үнсіз қалғанда: тарихты өзгерткен сөз» көрмесі ашылды.

Экспозицияға Президенттік орталық қорынан 150-ден астам жәдігер, архивтік құжаттар мен кітап басылымдары қойылды. Көрме материалдары ядролық сынақтардың зардаптарына, «Невада – Семей» қозғалысының тарихына, Олжас Сүлейменовтің қоғамдық қызметіне және Қазақстанның ядролық қаруға қарсы саясатына арналған.

1949–1989 жылдар аралығында Семей полигонында 456 ядролық сынақ жүргізілді. Оның зардаптары өңірдің экологиясына және миллионнан астам адамның денсаулығына әсер етті. 1989 жылы сынақтарды тоқтатуға бағытталған қоғамдық науқанда зор рөл атқарған «Невада – Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы құрылды.

Көрменің ашылуына мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, дипломатиялық корпус өкілдері, ғалымдар, мәдениет және білім саласының өкілдері қатысты. Іс-шараға 140-қа жуық адам жиналды.

«Биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына 35 жыл болды. Осы жылдар бойы Қазақстан жаһандық антиядролық қозғалыстың алдыңғы қатарында келеді. Еліміз ядролық қаруды таратпау және қарусыздану мәселесіндегі ашықтықтың күшін тәжірибесі арқылы бүкіл әлемге көрсетіп, оны сыртқы саясатының негізгі қағидаттарының біріне айналдырды», – деді Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат.

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы полигон туралы тарихи жадыны болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікпен байланыстырды.

«Тарихты шындықты айтудан қорықпайтын және болашақ үшін жауапкершілікті мойнына алатын адамдар өзгертеді», – деді ол.

1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойылды. 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады.

Көрме келушілер үшін 14 қыркүйекке дейін ашық. Кіру тегін.