news-img

Қазіргі музейлер тарих жәдігерлері сақталатын, келушілер тек көрме залдарын аралап шығатын тыныш орын ғана емес.

Бүгінде олар жаңа идеяларға, бастамаларға және тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін жанданған кеңістікке айналып келеді. Бұған «Бағдар» арнайы бағдарламасы аясында өткен «Тұңғыш Президент музейі – Жастар. Тәжірибе. Болашақ» атты Еріктілер күні дәлел.

Іс-шараға Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінің студенттері қатысып, музейдің жұмысымен танысып қана қоймай, түрлі бағытта өзін сынап көрді. Бұл оларға қай салада дамуға қызығушылық танытатынын түсінуге көмектесті. Ал музей белсенділігімен, жауапкершілігімен және ынтасымен ерекшеленген жастарды анықтады.

Бағдарлама алдағы іс-шараларға, тәжірибеден және тағылымдамаға өтуді жоспарлаған мамандар тобын қалыптастыруға бағытталған. Музей бөлімдерінің жұмыс ерекшелігін түсінген жастар нақты жобаларға тезірек бейімделіп, жұмысқа белсенді араласа алады.

«Бағдар» жобасының арқасында жастар музейді экскурсияға баратын орын ретінде ғана емес, кәсіби тәжірибе жинауға болатын орта ретінде де тани бастайды. Мұнда жстар баға жетпес тәжірибе жинап, бастамасын жүзеге асырып, жаңа байланыс орнатып, ортақ іске үлес қоса алады.

Сонымен қатар бұл бастама музейдің жастар арасындағы танымалдығын арттырып, музей ісіне деген қызығушылықты қалыптастыруға ықпал етеді.

Бөлісу