news-img

 Кейде бір ғана жәдігер тұтас бір дәуірдің маңызды кезеңдерін айшықтап бере алады. «Дәуір жасампаздары/Замандастар» жобасы және оның аясында ұйымдастырылған «Объективтегі тарих: бір жәдігер көрмесі» атты көрме тарихтың осындай ерекше сырын ашады.

 

Республика күні қарсаңында бүгін Тұңғыш Президент музейінде аталған көрме көпшілік назарына ұсынылды.

Көрменің басты жәдігері – отандық журналистиканың ардагері, дипломат, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Убайдаұлы Уәйіске 1992 жылы Түркия Республикасының Президенті Тұрғыт Өзал сыйға тартқан фотоаппарат.

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңінде осы фотоаппарат арқылы халықаралық кездесулер, жоғары деңгейдегі саяси оқиғалар, қоғамдық өмірдің маңызды сәттері мен жаңа дәуірдің тұлғалары суретке түсірілген. Көрмеге тәуелсіз Қазақстан тарихы қалыптасқан кезеңнің көрінісін танытатын фотоқұжаттық мұрағаттың бір бөлігі қойылды.

Іс-шараның маңызды сәттерінің бірі – Ержан Уәйістің жеке қорындағы фотоматериалдарды музейге салтанатты түрде табыстау рәсімі болды. Бұл материалдар музей қорын толықтырып, Қазақстан тәуелсіздігінің тарихын зерттеуге арналған дереккөздер аясын кеңейтті.

Көрме аясында жобаның мазмұнын толықтырып, ұсынылған материалдардың тарихи мәні мен маңызын ашатын «Тарихи бетбұрыс куәгері» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті.

Айта кетейік, Ержан Убайдаұлы 1990-жылдардың басында шетелде аккредиттеуден өткен алғашқы қазақстандық журналист әрі Қазақ телевизиясының Түркиядағы тұңғыш тұрақты арнайы тілшісі атанды. 1992-1993 жылдары Ыстанбұл қаласында «Егемен Қазақстан», «Халық кеңесі», «Түркістан» республикалық газеттері мен ҚазТАГ ақпарат агенттігінің тілшісі болып қызмет атқарды.

1993-1999 жылдары Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігінде дипломатиялық қызмет атқарып, Қазақстанның Ыстанбұл қаласындағы тұңғыш Бас консулы болды.

Бөлісу