news-img

Мемлекеттік мерекелердің ішінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні ерекше маңызға ие. Бұл күн мемлекеттің қалыптасу жолындағы тағдыршешті шешімдерді, түбегейлі реформаларды және халқымыздың жасампаздыққа деген ұмтылысын айшықтайтын тарихи дата.

Қарқынды өзгеріп жатқан әлем жағдайында Тәуелсіздік тарихын зерделеудің маңызы арта түсуде. Өткенге көз жүгірту бүгінгі жетістіктер мен сын-қатерлердің түп-тамырын тереңірек түсінуге ғана емес, тарихи даму заңдылықтарын пайымдауға, қол жеткізген егемендіктің қадірін, ұлттық бірлік пен ұрпақтар сабақтастығының маңызын ұғынуға мүмкіндік береді. Өз тарихын білу тарихи жауапкершілікті қалыптастырады, азаматтық бірегейлікті нығайтады және болашақтың бағдарын саналы түрде айқындауға ықпал етеді.

Бұл идеялар Қазақстанның қазіргі даму кезеңінде ерекше мәнге ие болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен мемлекеттілікті нығайту, әділеттілік пен келісім қағидаттарын орнықтыру мәселелері еліміздің одан әрі дамуының маңызды бағдарларына айналды.

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихындағы белгілі оқиғаларға жаңаша көзқарас пен оларды ұсынудың заманауи тәсілдері «Бастаудан болашаққа: экспозицияның жаңа кезеңі: жаңартылған экспозициялары» атты іс-шарада таныстырылған Тұңғыш Президент музейінің тұрақты экспозицияларында көрініс тапты.

Экспозиция «Дәуір жасампаздары/Замандастар» тарихи-мемориалдық жобасы аясында ұйымдастырылып, «Бетбұрыс кезеңі», «Қазақстан: даму траекториясы» және «Бірегейлік коды» атты үш тақырыптық кеңістікті біріктіреді. Жаңартылған кеңістіктердің тұжырымдамасы егемендіктің негізгі институттарының қалыптасуынан бастап жаңа қоғамдық сананың орнығуы мен заманауи цифрлық шындықтың қалыптасуына дейінгі үздіксіз өзгерістер идеясына негізделген.

Экспозицияның негізгі өзегінде – тұтас бір дәуір, оның тарихи контексі, сол кезеңнің тынысы, ауқымы мен өзгерістер қарқыны тұр. Тарих кейбір тұлғалардың өмірбаяны немесе оқиғалар арқылы ғана емес, саяси, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық үдерістердің, мемлекеттік шешімдер мен олардың нәтижелерінің өзара байланысы негізінде баяндалады.

Жаңарту жұмыстары музей материалдарын ұсыну тәсілдерін де қамтыды. Түпнұсқа музей жәдігерлерімен, архив құжаттары және фотоматериалдармен қатар интерактивті және мультимедиялық шешімдер, статистикалық деректердің көрнекі үлгілері, тарихи фактілерді салыстыру және басқа да заманауи құралдар қолданылған. Мұның бәрі тарихи мазмұнды келушілерге көрнекі әрі жан-жақты таныстыруға мүмкіндік береді.

Экспозициялар Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті музейінің, Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының, Президент архивінің, Орталық мемлекеттік архивтің, Ұлттық архивтің кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары қорларының және Қазақстан Республикасы Кітап палатасының материалдары негізінде жасақталған.

Жоба кең аудиторияға арналған. Олардың қатарында ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен тарих факультеттерінің студенттері, музей, архив және кітапхана қызметкерлері, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі заман тарихына қызығушылық танытатын барша азамат бар.

Бөлісу