news-img

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры Дариға Назарбаева «Қамқорлық» коворкинг орталығының ашылу салтанатына қатысты.  
 
Орталық қызметі Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен Нұрсұлтан Назарбаев қорының бірлесуімен іске қосылған. Мұнда көпбалалы аналар, жалғыз басты аналар, ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелейтін әйелдер, аз қамтылған азаматтар және ауыр тұрмыстық жағдайда өмір сүретін балалар, мүгедектер оқытылады. 

Орталық қабырғасында жүзеге асырылатын жобалардың бірі - «Кәсіпкер ана», авторы - Жастар Конгресінің өкілі Айнұр Жүнербаева. Бірде ол жеке кәсібін бастап, оны кеңейтті. Енді, орталық жұмысы арқылы Айнұр өз тәжірибесімен бөліскісі келеді. 
 
Дариға Назарбаева орталықтың материалдық-техникалық базасымен танысып, кабинеттерді қарап шықты. Орталық басшылығымен әңгімелесу барысында Дариға Назарбаева инфекциялардан қорғау, жұмыс гигиенасы және білім алушылар үшін әлеуметтік қашықтықты қамтамасыз ету тұрғысынан жұмыс орындарының қауіпсіздігіне ерекше назар аударды. 

Орталық 7 бағыт бойынша тренинг өткізеді: оның ішінде тамақ өнеркәсібі, IT-индустрия, сұлулық индустриясы, тігін ісі, киіз басу өнері және басқа бар. Бұған қоса, әйелдер үшін әлеуметтік және психологиялық сауаттылықты арттыру бойынша тренингтер өткізіледі. Орталық аумағында балаларға арналған бөлме де бар. 
 
Жылына 1800 әйелді оқыту жоспарлануда. Курс мерзімі 1 айдан 3 айға дейін созылады. Курстың соңында сертификаттар беріледі. 

 Оқу нәтижесі бойынша қатысушылар «Еңбек» бағдарламасы бойынша өз ісін ашуға және 505 мың теңге көлемінде грант алуға мүмкіндік алады.

Түсініктеме қалдыру