news-img

21 шілде күні «Салалық менеджерлерді дайындау» бағдарламасы аясында «Денсаулық сақтау менеджері сертификаты – сапа кепілдігі ме әлде жәй ғана рәсімдік пе?» тақырыбында ашық онлайн пікірсайыс өтті.

Бүгінде денсаулық сақтау саласының менеджерлерін дайындау, біліктілігін шындау әдіс-тәсілдері өзгерістерді қажет етеді. Сарапшылардың айтуынша, сала жетекшілері бір шағын саланы ғана емес экономика, құқықтану, басқару жүйесі, менеджмент салаларын да жетік білуі шарт. Soft skills –тің де маңыздылығын ескеру қажет.  

 «Елбасы Академиясы» корпоративтік қорының директоры Фархад Қуанғанов алғы сөзінде кадрларды даярлау үдерісінде кәсіби қауымдастықтардың рөліне көңіл бөлу керектігін айтты:

«Бүгінде саламызда жоғары деңгейлі қызметкерлер қатары көбейіп келеді. Мәселе олардың білімі мен тәжірибесін бүкіл денсаулық сақтау саласына үлестіру қажеттілігінде. Көптеген елдер осы кезеңді басынан өткерді. Мысалы Жапония мен Оңтүстік Корея америкалық үлгідегі бэнчмаркингті таңдады. Бұл дегеніміз дәрігерлер тұрақты түрде белгілі бір кезеңде құзыретті орган немесе қауымдастық арқылы сертификаттаудан өтуі тиіс. Егер біз олардың тәжірибесін зерттеп, оны өзіміздің саламызға еңгізе алсақ, елімізде медицина деңгейі жоғарылайтыны сөзсіз. Менің ойымша, кәсіби қауымдастықтар құрып, оларға мамандардың біліктілігін куәландыруға құқық берсек, онда біздің медициналық қызметкерлер деңгейі әлде қайда жоғары болушы еді», - деді Фархад Қуанғанов.  

Медицина саласының менеджерлеріне, халықаралық тәжірибеге сәйкес, қойылатын талаптармен  Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасының дәрігері, нейрохирург Талгат Ермеков таныстырды. Сондай-ақ, ол АҚШ пен Еуропа клиникаларында жасалған халықаралық зерттеулерге тоқталды. Спикердің ақпараты бойынша, басшы қызметіне тағайындалу үшін клиницист дәрігердің көшбасшылық, коммуникациялық қасиеттері жоғары деңдейде болуы керек. Эмпатияның да  маңызы жоғары. Бұл елдерде дәрігерлерге арналған арнайы курстар - тегін. Сонымен қатар, олдарда денсаулық сақтау саласының менеджерлерін дайындау бағдарламалары кеңінен таралған. Басшыларды іріктеу кезеңінде негізгі (Hard skills) талаптардан бөлек, үміткер әріптестерінің, сарапшылардың және ментордың жоғары бағасына ие болуы шарт.

Қоғамдық денсаулық сақтау саласының сарапшысы Шыңғыс Шакиров – пікірсайысқа қатысушыларды 2020 жылдың 19 шілдесінде өз күшіне енген «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» жөніндегі Кодекстің негізгі қағидаларымен таныстырып өтті.

«Екі күн бұрын денсаулық жөніндегі жаңа Кодекс өз күшіне енді. Онда сертификаттау ережелері нақты көрсетілген. «Денсаулық сақтау саласының менеджері» мен «Денсаулық сақтау саласының менеджерінің сертификаты» жөнінінде толық нұсқаулар бар. Сертификаттау рәсімі үміткердің басшы қызметіне дайындығын анықтауға қажетті»,  – дейді, Шыңғыс Шакиров.  

Қатысушылар Кодекстің дер кезінде қабылданғанын атап айтты. Өйткені ол медицина саласының қызметкерлерін сертификаттау рәсіміне қатысты мәселелерді айқындап беріп отыр, дейді олар.

РЭДСО Астана қаласындағы филиалының директоры Сауле Құрманова қатысушыларға Ресурстарды Басқару Жүйесінің (РБЖ) мәліметтерін ұсынып,  денсаулық сақтау саласындағы статистика жөніндегі сапалы сараптама жасады.

«Мұндай сараптама болашаққа нақты болжам жасауға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде бес жылға қажетті қызметкерлер қорын дайындауымыз қажет екенін айқын көрініп тұр.  Бүгінде басшылардың 3,2 % - жас мамандар, 16,6 % - 31-40 жас аралығындағы қызметкерлер, ал 27,6 %  - жасы 50-ге жетіп қалған кісілер. Ал жетекші қызметтегі мамандардың жартысынан астамы, дәлірек айтқанда 52,5 % - 51 жастан асып кеткен. Орта есеппен алғанда 5 жылдан кейін ол кісілер зейнетке шығатын жасқа жетіп, демалысқа шығуы мүмкін.  Еліміздің барлық аймақтарының көрінісі осы», – дейді Сауле Құрманова.

Пікірсайысқа қатысушылар әлеуметтік желілерден келіп түскен сұрақтарға да жауап берді. Сарапшылар өз кезегінде болжамдарымен бөлісіп, талқыланған мәселелер бойынша түрлі үрдістерге баға берді. Онлайн кездесу барысында спикерлер денсаулық сақтау саласының менеджерінің құзыреті мен кәсіби стандарттар үлгісін құрастыру ұсынысын қолдады. Олардың ойынша, денсаулық сақтау мекемелерінің басшыларын дайындайтын білім беру бағдарламасын дәл осы үлгіге сәйкес құруға болады.   

«Астана» медициналық университетінің алғашқы проректоры Сәуле Сыдықова, пікірсайысты қорытындылап, менеджер сертификатын еңгізу - медициналық көмек сапасын жақсартуға, медицина қызметкерлерін қорғауға, дәрігерлер мен науқастардың сенімді қарым-қатынастарын нығайтуға, жалпы денсаулық сақтау жүйесінің қызметін дамытуға  бірден бір мүмкіндік екенін айтты. Сондай-ақ, Сәуле салалық қоғамдастықтың қалыптасуына, кәсіби қайымдастықтардың дамуына осындай пікір алаңдарының маңыздылығын аңғартты.

Онлайн пікірсайысқа қатысуға 127 адам өтініш білдірді. Олар: медициналық мекемелер басшылары, магистранттар, докторанттар, ұстаздар, медициналық ЖОО кафедра басшылары, дәрігерлер, сарапшылар, мемлекеттік орган қызметкерлері және журналистер.

Пікірсайысты ұйымдастырған «Елбасы Академиясы» КҚ мен «Қазақстан медициналық кеңесі» Медициналық білім беру және ғылым ұйымдарының қауымдастығы».  

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаев Қорының бастамасымен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға және институционалдық реформаны жүргізуге қажетті командалар мен өзгерістерді басқару бойынша салалық менеджерлерді даярлау Бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.  Екі жүз салалық сарапшылар экономиканың 11 саласының өзекті мәселелерінің шешімін іздестіруде. Бүгінде командалар қажетті білім алып, экономиканы дамытуға бағытталған ұсыныстарын әзірлеп жатыр. Әзірше олар жетістіктерімен осындай ашық кездесу барысында бөлісіп, түрлі қоғамдастықтардың талқылауына шығарады. 2020 жылдың желтоқсан айында әр команда кешенді шараларын ҚР Үкіметінің назарына ұсынатын болады.

Түсініктеме қалдыру