Дене тәрбиесі - салауатты ұрпақ негізі
23 қыркүйек күні Елбасы Академиясының пікірталас алаңы өңірдегі бұқаралық спортты дамытудың өзекті мәселелерін қозғаған кездесуде үш саладағы: «Бұқаралық спорт», «Мектепке дейінгі білім беру»және «Денсаулық сақтау» өзгеріс менеджерлері командаларының басын қосты.
Салалық командалармен бірге талқылауға Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков, Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова және Германия, Финляндия мен Италия елдерінің сарапшылары қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар спорт, білім және денсаулық сақтау министрліктерінің ынтымақтастықтары бойынша әр түрлі тәсілдерді ұсынды, сондай-ақ кадр даярлаудың әдістері мен бағдарламаларын жетілдіруді талқылады, инклюзивті спортты қоғамды біріктірудің жаңа форматы ретінде қарастырды.
Шақырылған командалар тәлімгері, Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығының бас менеджері Сафия Телеубаева Қазақстанда бұқаралық спортты дамытудың бірнеше негізгі проблемаларын атап кетті. Сарапшының айтуынша Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы жеке клубтар базасында бір спорт түрі бойынша спортшы даярлауға мемлекеттік тапсырыс беруді сынақтан өткізіп алу қажет. Оның ойынша, сынақ үшін Алматыда муайтай немесе Астанада грэпплинг сияқты белсенді дамып келе жатқан спорт түрлері қолайлы болмақ. Сынақтан өту мерзімі - кем дегенде 2 жыл, жыл соңында БЖСМ мен жеке клубтың нәтижелері салыстырылады.
- Спортты нарықтық қатынастарға көшіру сөзсіз орындалатын процесс, ал сынақ - бұл жаттықтырушының бірқалыпты жағдайда қайта құрылуына мүмкіндік береді. Себебі, бәсекелестік жағдайында олар мөлшерлемені жай ғана орындап қана қоймай, шартты түрде тапсырыс беруші яғни, спортшы үшін күресетін болады. Баласының бойында күткен нәтижені көрмеген ата-ана, оны басқа жаттықтырушыға ауыстырады, - деп есептейді Сафия Телеубаева.
«Бұқаралық спортты дамыту» командасының көшбасшысы, Қазақстан жауынгерлік өнер қауымдастығының спорт менеджері Ерназар Бексұлтанов ортақ күш-жігерді шоғырландыру үшін Ұлттық орталық құру керектігі жайлы айтты.
«Бүгінгі таңда алдын ала есептеулер бойынша мемлекет мәдениет және спорт, денсаулық сақтау, білім және ғылым министрліктері арқылы 250 млрд.теңгеге жуық қаражат бөлген. Президент жолдауында кәсіби спортты қаржыландыруды қайта қарау және бұқаралық дене шынықтыруды дамыту туралы айтылған. Осыған орай біздің ұсыныстарымыздың бірі — жоғарыдан-төменге қарай тік шешім қабылдау, яғни өңірлік және республикалық деңгейлердің толық өзара іс-қимылдарын елдің барлық өңірлерімен өзара біріктіріп жасайтын және барлық ынталандырушы адамдарды бір ортаға біріктіретін ұлттық орталық құру. Бұл шешімді біз үш командамен бірдей қарастырып жатырмыз», - деп атап өтті Бексұлтанов.
Шетелдік сарапшылар мектепке дейінгі бүлдіршіндер арасында да дене тәрбиесін енгізу қажеттілігін атап өтті. Пікірталасқа шақырылған әріптестердің пікірінше, бүлдіршіннің болашағы көбінесе бала дамуының осы кезеңінде нені игере алатынына байланысты екендігін айтты. Мысалы, Германияда балалар мен жасөсіпірімдер арасында спорт өте жақсы дамыған, балаларды, мұғалімдерді, ата-аналарды және қоғам өкілдерін спортқа баули отырып, мектепке дейінгі білім негізі қалыптасады. Бұл жағдайда сабақтарды ашық аспан аясында немесе ашық спорт нысандарында өткізу құпталады. Сондай - ақ, әлеуметтік құрамның негізі аталып өтті - ол бойынша білім беру бағдарламасы оқушылардың барлық қажеттіліктерін ескере отырып, атап айтқанда, олардың физикалық және психикалық жағдайын ескере отырып жасалуы керек.
Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебінің докторанты, «Мектепке дейінгі тәрбие» командасының көшбасшысы Гаухар Киикова ерте дамитын балалар мен бала денсаулығының өзара байланысы туралы айтып берді. Өз сөзінде ол, Гарвард дамушы балаларды зерттеу орталығының зерттеулерінен және ЭЫДҰ-ның 2030 жылғы Болашақ білімі туралы баяндамасын мысалға алды.
«ЭЫДҰ есебінің басты тақырыбы - дене тәрбиесін 2030 жылға қарай серпінді және инклюзивті ету. Сарапшылар балалардың физикалық дамуы олардың сауаттылық, әлеуметтік және эмоционалды дағдылармен қатар болашақтағы әл-ауқатының негіздерінің бірі екенін айтып кетті. Академиялық білімге шамадан тыс назар аударудан бас тартуымыз керек, әсіресе бұл үрдістің басымдығы мол бастауыш сыныптары мен балабақшаларда қолға алу керек», - деді Киикова. Дене шынықтыру бағдарламаларын өзгерту кезіндегі басты шарт - бұл олардың инклюзивтілігі және барлығына қол жетімділігін ескеру.
Елбасы Академиясы Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, Президент Көмекшісі - ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев пікірталас тақырыбының маңыздылығын атап өтті, білім беру саласында дене шынықтыру мен спортты қолдаудағы мемлекеттің мақсатты саясатын атай келе, команда көшбасшыларына Үкіметте таныстыру үшін ұсыныстар дайындауды тапсырды.
«Барлық идеяларды практикаға енгізбес бұрын оларды дұрыс топтастыру қажет екенін атап өткім келеді. Біріншіден, дене шынықтыру және спорт саласында бірқатар бағдарламалар республика мен өңірлер деңгейінде қабылданды, соның ішінде біраз жақсы бағдарламалар да бар, сондықтан оларды зерттеп, тағы нені жақсартуға болатынын түсініп, белгілі бір аймақтардың сәтті тәжірибелерін қолдану керек. Екіншіден, қазірдің өзінде құрылған бағдарламалардың қиындығы оларды іс жүзінде іске асыруда қателіктерді анықтау – нормативтік қамтамасыз ету мен кадрлық қолдау және т. б. болып табылады. Салалық менеджерлер бағдарламасының мәні – саланы жақсарту үшін нақты өзгерістер мен басқару шешімдерін енгізу», - деді өз сөзінде Әсет Исекешев.
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры «Институционалдық реформаларды жүргізу үшін өзгерістерді басқару жөніндегі салалық менеджерлерді даярлау және Ұлт жоспарын дайындаудағы нақты 100 қадам» бағдарламасының бастамасын көтерді. Осы жоба аясында 200 салалық сарапшы экономиканы трансформациялау бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында 11 салалық міндеттерді шешу бойынша жұмыстар атқаруда.