Елбасының «Ел Үміті» жалпыұлттық бастамасы: жобалардың іске асу барысы баяндалды
2019 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ел Үміті» бастамасын ұсынды, осы бастама аясында бүгін дарынды балалар мен жігерлі жастарды қолдауға бағытталған кешенді бағдарламалар қарастырылған. Барлық жобалар Нұрсұлтан Назарбаев Қорының басқаруымен жүзеге асырылады.
Панедмияға қарамастан жобалар 350 мың қатысушыны қамтыды. Олар әрі қарай жалғасын табады. Жобалармен жалпы қамту 1,5 миллион адамды құрайды. Бұл оқушылар, студенттер, ата-аналар, педагогтар, жұмыс істейтін жастар, кәсіпқойлар.
Барлық жобалар балалар мен жастарды ұлттық құндылықтар, патриотизм рухында дамытуға, тәрбиелеуге және үнемі өзін-өзі дамыту қажеттілігін түсінуге бағытталған. Жобалардың басты артықшылығы - олар бірегей және басым көпшілікке қол жетімді.
Нұрсұлтан Назарбаев Қорының 2020 жылдағы ең ірі жобаларының бірі – «Мың бала» ұлттық олимпиадасы. Ол тек қана ауыл оқушыларына арналған, кең ауқымды жоба қоғам тарапынан оң бағаға ие болды.
Олимпиаданың бірінші кезеңі сырттай өткізіліп, 4000-нан астам ауыл мектептерінен шыққан 5 және 6 сыныптың 295 мың оқушысы қатысты. Нәтижесінде екінші кезеңге қатысуға 5 мың оқушы іріктелді. Олимпиаданың қорытындысы бойынша 1000 жеңімпаз анықталды. Бүгінгі таңда олардың 300-ден астамы дарынды балаларға арналған мектептердің 7-сыныбында білімін жалғастырып келеді. Ал екінші кезеңге өткен финалистер Елбасы Академиясы жанындағы «Birge oqý» онлайн мектебінде ақысыз пәндік дайындықтан өтуде. Сапалы қашықтан білім алуға жағдай жасау мақсатында олимпиаданың 1000 жеңімпазына Нұрсұлтан Назарбаев қоры тарапынан ноутбуктар сыйға тартылады.
Елдегі эпидемиологиялық ахуалдың салдарынан білім алуға қойылған шектеулерге байланысты Нұрсұлтан Назарбаев қоры қашықтан оқытуды қолдау бойынша жұмысын күшейтті. Мұғалімдерге, балаларға және ата-аналарға әдістемелік қолдау көрсететін сапалы білім мен цифрлық оқытудың озық ресурстарына және қызметтеріне қол жетімділікті қамтамасыз ететін «Birge oqý» жобасы іске қосылды. «Birge oqý» жобасы бірнеше бағытта жұмыс істейді: білім берудің өзекті мәселелерін талқылауға арналған пікірталас алаңы, педагогтар мен ата-аналарға арналған курстар, және үшінші бағыт ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» жобасының финалистері мен жеңімпаздарын сүйемелдеуге мақсатталған онлайн мектебі.
«Birge oqý» жобасы аясында 10 мыңға жуық педагог семинарлар мен тренингтерден өтіп жатса, келесі 3 мың педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттері мен еліміздің мұғалімдері «Цифрлық ментор» авторлық курсында білімін жетілдіріп, сертификаттар алды. Жоба аясында 230 мың адамды қамтыған 60 тікелей эфир және 9 конференция өткізілді, 100-ге жуық бейнесабақтар түсірілді, тұрақты негізде ауылдағы мектеп оқушыларына пәндік даярлау жүргізіледі, сабақтар еліміздегі үздік мұғалімдерінің жетекшілігімен өтеді.
Шілде айында жастарға арналған «Елбасы медалі» - ауқымды челленджі іске қосылды. Жоба 14-29 жас аралығындағы жастарды тәрбиелеуге бағытталған және 7 бағыт бойынша даму бағдарламасын көздейді. Олар спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, еріктілік, саяхат пен жорықтар, еңбек тәжірибесі. Қатысушылар үш деңгейді таңдай алады: қола, күміс немесе алтын, олар 6 айдан 18 айға дейін әр бағыт бойынша белгілі бір қызметті орындау көзделеді.
Қазіргі уақытта жобаға 11 мыңнан астам қатысушы, 600-ден астам тәлімгер, өңірлік үйлестіруші мен сарапшы тартылған. Бағдарламаның негізгі артықшылығы - әрбір қатысушы басқалармен емес, тек өзімен жарысады. Күн сайын өзін-өзі дамытумен айналысып, кешегіден гөрі жақсы болуға ұмтылады. Жыл соңына дейін жобаның 300 қатысушысы алғашқы қола медальдармен марапатталады.
Жобаға қатысуға ыңғайлы болу үшін Elbasy Medali мобильді қосымшасы іске қосылды. Мобильді қосымша қатысушылардың кез-келген уақытта тәлімгермен байланыста болуына, жеке кестені жоспарлауға, бейне сабақтарды қарауға, есептер жіберуге және өз жетістігін қадағалауға мүмкіндік берді. Қазір жоба қатысушылардың 60 пайызы осы қосымшаны пайдаланады.
2019 жылдан бастап Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ең беделді халықаралық пәндік олимпиадаларда жүлделі орынға ие болған оқушылар мен олардың жаттықтырушы-тәлімгерлеріне арналған «Ел мақтанышы» арнайы сыйлығын тағайындайды. Бұл марапат алғаш рет табысталды, және ол ең алдымен оқушылар мен мұғалімдердің олимпиадалық қозғалысқа қатысуға деген ынтасын арттыруға бағытталған. Сыйақы мөлшері - 500 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін. 2019 жылы 20 жүлдегер мен 25 жаттықтырушыға берілді. 2020 жылдың нәтижесімен 11 жүлдегер мен 17 жаттықтырушыға табысталады.
«Ел Үміті» бастамасындағы жұмыс істеп жатқан жастар мен ересектерге бағытталған жобалар да бар.
Ағымдағы жыл басында Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Қазақстан Үкіметімен бірлесіп салалық менеджерлерді даярлау бағдарламасын іске асыруға кірісті. Бағдарлама Елбасының «Ел Үміті» бастамасы шеңберінде әзірленіп, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын, сондай-ақ Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың экономика мен әлеуметтік саланы мемлекеттік басқаруға жаңа тәсілдер енгізу қажеттілігі туралы тапсырмаларын сапалы орындауға бағытталған.
Бағдарлама шеңберінде мықты деген 200-ден астам қатысушы іріктеліп, олар 6 ай ішінде 11 салада: сауда және логистика, құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп (оның ішінде жаңа индустрия), су ресурстары, өңірлік даму және қалаларды басқару, туризм, мәдениет және спорт, білім беру, денсаулық сақтау, медиа индустрия, геологиялық барлау салаларында 37 міндет бойынша жұмыс жүргізуде.
Қазір бағдарлама іске асырудың үшінші кезеңінде, қатысушылар өз бастамаларын Қазақстан Республикасы Премьер-Министріне таныстыруда. Қазіргі уақытта Асқар Ұзақпайұлы Мамин 30-дан астам салалық міндет бойынша бизнес-шешімдерді тыңдады. Дайындалған бастамалар Бағдарлама қатысушыларымен бірлесіп егжей-тегжейлі пысықтау және іске асыруға дайындау үшін бейінді министрліктерге берілді. Қатысушылардың бастамаларын қорғау 2020 жылдың желтоқсан айының ортасына дейін жалғасады.
«Ел Үміті» шеңберіндегі барлық жобаларды Нұрсұлтан Назарбаев қоры Үкіметтің қолдауымен, жергілікті атқарушы органдармен, бизнес қауымдастықпен, үкіметтік емес ұйымдармен және тәуелсіз сарапшылармен бірлесіп, жүзеге асырып келеді.