news-img

Елбасы кітапханасында «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» халықаралық онлайн-конференциясы өтті.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырады.

Отандық, шетелдік қайраткерлер мен ғалымдар 2021 жылғы 31 наурызда өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі бейресми саммитінің тарихи қорытындыларын сараптамалық деңгейде талқылады.

Іс-шараны ашқан конференция модераторы, Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат Түркі кеңесінің бейресми саммиті түркі елдерінің әріптестігін дамытудың жаңа кезеңіне алып келуі мүмкін маңызды мәлімдемелер мен келісімге толы мазмұнды жиын болғанын атап өтті.

–  Түркі өркениеті өзін-өзі толық қамтамасыз ете алады. Мәдени бірегейлік пен ортақ құндылықтар негізінде ол одан әрі дамудың барлық мүмкіндіктеріне ие. Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев түркі әлемін ХХІ ғасырдың аса маңызды экономикалық, мәдени және гуманитарлық өңірлерінің біріне айналдыруды көздейтінімізді саммитте атап өтті. Мәдениет саласындағы жетістіктердің қандай да бір экономикалық пайдамен өлшенбейтіні көпшілікке мәлім. Алайда бұл жетістіктер экономиканың жақындасуына өз септігін тигізетіні рас. Еуропа, Азия, Африка және Латын Америкасындағы интеграциялық бірлестіктер мәдени және құндылық ортақтығында дамып келеді. Түрлі елдер мен өңірлерді мекен еткен 175 миллион түркінің тағдыры мықты мәдени бірегейлігінің арқасында тарих толқынында адаспай, жаһандану заманында алға қадам басуға мүмкіндік алды. ТҮРІКПА, ТҮРІКСОЙ, Түркі академиясы мен Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының қажырлы еңбегі Түркі кеңесін беделді ұйымға айналдырса, «түркі әлемі» ұғымы көпшілік мойындаған халықаралық дискурсқа айналды, - деді Б.Темірболат.

– 2000 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Түркістан қаласының 1500 жылдығына арналған ғылыми конференцияда: «Түркістанды облыс орталығы жасаймыз. Бұл той – Түркістанды орталыққа айналдырудың басы», деген еді. Елбасының Түркістанға тарихи мәртебесін қайтару ісіне баса назар аударуында үлкен мән жатыр. Себебі, Түркістан – сан ғасырлық тарихы бар қасиетті мекен, Еуропа мен Азияны тоғыстырып жатқан Ұлы Жібек жолының күретамыры, Қазақ хандығының астанасы болған киелі қала. Түркі жұртының Орта Азия мен Қазақстандағы теңдесіз тарихи жәдігер Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орын тепкен жер. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Түркістанды түлету, Түркі халықтарына ортақ рухани орталық дәрежесіне лайықты ету – Елбасының арманы әрі мақсаты болатын. Сол арман бүгінде ақиқатқа айналып отыр, - деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.

 – Бүгін біз түркі халықтарының тартылыс орны болып табылатын Түркістанның саяси, рухани және мәдени қайта жаңғыруының тарихи сәтіне куә болып отырмыз. Ұлы Жібек жолының қиылысында тұрған қала арқылы Қытайдан Орталық Азия, Таяу Шығыс және Еуропа елдеріне керуендер өткен. Сондықтан да оның географиялық орны қаланың саяси, сауда-экономикалық орталығына айналуына өз ықпалын тигізген. Түркістан мұсылман әлемінің қажылық ететін киелі жері ғана емес, маңызды тарихи шешімдер қабылданған қазақ хандарының ірі мемлекеттік резиденциясы болған. Қаланы қайта жаңғыртуға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сіңірген еңбегі мол. Ол 2018 жылғы 19 маусымда орталығы Түркістан қаласы болатын Түркістан облысын құру шешімін қабылдады. Тарихи шешімнің арқасында ғасырлық тарихы, көптеген тарихи-мәдени, туристік және діни ескерткіштері бар ежелгі қала жаңа келбетке ие болып, әлемнің түкпір-түкпірінен туристерді тартуда, - деді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Шахрат Нұрышев Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммит қорытындыларына тоқталып, кеңес құрамындағы мемлекет басшыларының салиқалы саясаты түркі интеграциясын жаңа деңгейге көтеріп, «түркі ренесансына» мұрындық болғанын атап өтті.

– Ортақ тамыры, тарихи, мәдени және ұлттық құндылықтары бар түркі мемлекеттерінің өсіп келе жатқан беделі мен экономикалық қуаты халықаралық және өңірлік ауқымда ынтымақтастықты барған сайын тартымды ете түсуде. Энергетикалық ресурстардың болуы және қолайлы географиялық орналасуы, біздің елдерді жаһандық экономиканың маңызды құрамдас бөлігі ретінде айқындауда, - деді ол.

– Түркі әлемін біріктіруге күш жұмылдырып, қадамды сеніммен бірге басуымыз тиіс. Саммитке қабылданған шешімдер түркі әлемімен қатар өзге өңірлер үшін де маңызды. Біз рухани мәдениетімізді жаңғыртуға, түркі әлемін нығайтуға бағыт алып келеміз. Осы жолда біраз еңбегін сіңірген, Түркістанға жаңа мәртебе беру идеясын ұсынған түркі әлемінің ақсақалы, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығымды білдіргім келеді. Түркістанның гүлденуі мен ортақ құндылықтардың дамуы түркі әлемінің бірегейлігін нығайтары анық, - деді Түркия Республикасы Президентінің кеңесшісі Ялчин Топчу.

– Түркістан – түркі әлемінің бесігі, рухани астанасы. Бұл сөзімді түркі тілдес халықтардың толық қолдайтынын саммиттің өзі дәледейді. Оның барысында қабылданған декларация бұл ақиқатты ресми бекітті. Себебі Түркістан көптеген жүз жылдықтар бойы тарихи, экономикалық, мәдени, рухани маңызды рөл атқарған, - деді Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысы Бағдат Әміреев.

Әзербайжан Республикасы Ұлттық Мәжілісінің депутаты, Әзербайжандағы Ататүрік орталығының төрағасы Низами Джафаров Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі бейресми саммитінің түркі әлеміндегі өзекті мәдени, экономикалық, саяси мәселелерді қозғағанын тілге тиек етті.

– Түркі мемлекеттері басшыларының шешімімен ресми халықаралық деңгей мен озық форматта ұйымдастырылған кездесулер түркі халықтарының мүддесін толықтай қамтитынына ризамыз, - деді ол.

– Түркістанның мәртебесін айқындап, әлеуетініне серпін берген, түгел түркінің төріне айналдырып, тамырластығы пен бауырластығын бекемдей түскен Саммиттегі басты оқиға ретінде «Түркістан декларациясы» қабылданып, «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» болып жарияланды. Бұл ретте, «Түркістан декларациясы» Қазақстанның түркі әлеміндегі көшбасшылық ұстанымдарын бекітудің тағы бір байсалды қадамы деп бағалауға болады, - деді Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.

– Түркі әлемі бірлікті көп жылдар бойы көксеп келді. Көптеген түркі идеологтары, ойшылдары мен саясаткерлері тарыдай шашыраған түркі жұртын бірлікке шақырды. Соңғы жылдары түркі әлеміне ортақ мәселелер өзектілігінің артуы түркі бірлігі идеясының бірітіндеп нығайып келе жатқанын дәлелдейді. Біртұтастыққа бет бұрған түркі халықтарының ортақ та жарқын болашақ құруы үшін бүгінде мүмкіндігі де, әлеуеті де жеткілікті, - деді «Елбасы академиясы» бірлескен қорының жетекші директоры Мұрат Жұманбай.

– 2018 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан үшін «Қазақ хандығының және күллі түркі әлемінің ғасырлар бойғы саяси және рухани өмірінің жүрегі» деген сөз айтқан болатын. Биыл мен наурызда өткен Түркістан медиа форумына қатысқанымда көзіміздің қарашығындай осынау шаһардың даму барысы мен жеткен жетістіктерін өз көзіммен көрдім. Құрметті Н. Назарбаевтың сөздерінің қаншылықты орынды екендігіне куә болдым. Түркістан - Қазақстанның ғана емес, күллі түркі жұртының мәңгілік жүрегі болып қала беретінін еркін және сенімді түрде айта аламын, - деді ТҮРІКСОЙ бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджи.

Конференция барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, археолог Зейнолла Самашев, Мырза Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетінің «Философия және руханият негіздері» кафедрасының меңгерушісі Нигинахон Шермухамедова, ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының Саяси зерттеулер орталығы директоры Айдар Әмребаев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Жақсылық Сәбитов баяндама оқыды.

Түсініктеме қалдыру