news-img

Семинар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Нұрсұлтан Назарбаев Қорының және оның норвегиялық әріптесінің бастамасымен, сонымен қатар Осло қаласындағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен өтті.

Іс-шара этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделіне арналған.

Нұр-Сұлтан мен Осло қалаларын жалғаған онлайн семинарға Сами парламентінің бұрынғы бас директоры Руне Фьельхейм, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаев, конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев, сонымен бірге Осло қаласындағы еврей қауымдастығының жетекшісі және расизмге қарсы күрес орталығы бастығының бұрынғы орынбасары Эрвин Коэн қатысты. ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары, Қазақстанның бұрынғы сыртқы министрі Қайрат Әбдірахманов та Гаагадан тікелей байланысқа шығып, пікір алмасты.


Іс-шараның модераторы бұрынғы шетелдік тілші, «TV2» жаңалықтар бөлімінің басшысы, норвегиялық журналист Томас Хеншен болды.

Семинарға қатысушылар 30 жылдық межедегі Қазақстанның табыстарын тізбеледі. Тәуелсіздік жылдары экономикалық жетістікпен қатар, елдің көпэтносты және көпконфессиялы қоғамды нығайтудағы рөлі ерекше аталды.

Семинардың ашылуында Қайрат Әбдірахманов бүгінгі әлемде тұрақтылықтың басты факторының бірі ретінде толеранттылықтың маңызын баса айтты. Сол себепті, көпұлтты қазіргі Қазақстанның айтулы жетістігінің өзегі деп бейбітшілікті сақтау аталды.


Қазақстандық дипломаттың ойын Ержан Салтыбаев сабақтады. Оның айтуынша, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатын жүзеге асырудың арқасында бірінші орынға тұрақтылық пен халықтың бірлігі қойылған мемлекеттің дамуы қамтамасыз етілді.

Эрвин Коэн өз кезегінде аудиторияға Норвегиядағы ұлттық азшылық құқықтарының даму тарихына және бүгінде әлеуметтік қорғау теңдік пен тең құқықтық сынды құндылықтармен тығыз байланысты қазіргі заманғы норвегиялық қоғамның қалыптасу үдерісіне қысқаша шолу ұсынды.

Норвегия және әлемнің өзге елдері Қазақстаннан не үйренуге болатыны жайлы пікірлесу кезінде норвег қоғамдастығының жетекшісі: «Әрдайым сан түрлі қоғам идеясын ілгерілетуге ерекше мән берген Қазақстан басшылығының болашаққа деген көзқарасы ел үшін басты құндылыққа айналды, өйткені дәл осы әртүрлілік қоғам әл-ауқатының артуы мен өркендеуіне ықпал етеді», - деп жауап берді.
Норвегияның Сами парламентін он жылдан астам уақыт бойы басқарған Руне Фьенхейм мемлекеттік органдар мен Сами парламенті арасындағы өзара іс-қимыл мен консультациялар рәсімінің дамуына тоқталды.

Бұл ретте, ол халықтың этникалық ерекшеліктеріне қарамастан, көпұлтты Қазақстанда тең мүмкіндіктердің берілуі өзгеге үлгі екенін баса айтты.

Болат Сәрсенбаев мәлімдемесінде Қазақстанның конфессияаралық тәжірибесі мен еліміздің мәдениет, дін және өркениеттер диалогын дамыту жөніндегі күш-жігері қазіргі әлемнің жаһандық сын-қатерлеріне қарсы шешім табуда айрықша маңызды екенін жеткізді.

Семинар соңында қатысушылар Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, тұрақты даму мен бейбітшілік тіледі.

Түсініктеме қалдыру