news-img

Бүгін, 8 қыркүйекте Алматыда Нұрсұлтан Назарбаев қоры жанындағы Ғылыми кеңестің ұйымдастыруымен «Тәуелсіз Қазақстанның интеллектуалдық әлеуеті: қалыптасуы мен дамуына 30 жыл» I Халықаралық жас ғалымдардың форумы басталды.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған ауқымды ғылыми алаңға мемлекеттік органдардың өкілдері, белгілі ғалымдар, жас зерттеушілер, стартаптар, инвесторлар, ғылымды таратушылар және заманауи инновацияларға, жаңа технологиялар мен дамуға бей-жай қарамайтындардың барлығы жиналды.

 – Қазақстандық жас ғалымдардың қазіргі ұрпағы тәуелсіздік жылдарында қалыптасты. Олар жоғары кәсіби деңгейімен ғана емес, Отансүйгіштігімен де ерекшеленеді. Әр жоба мен әрбір жаңа ғылыми жаңалық елдің интеллектуалдық әлеуетін арттырады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әрқашан жас ғалымдарға ерекше көңіл бөлді. Оның бастамасы бойынша қазіргі Ғылыми кеңес 2007 жылы құрылды. Елбасының қолдауының арқасында мыңдаған жас таланттар ғылымдағы өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев қорының Ғылыми кеңесінің төрағасы, PhD докторы, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-нің жетекші ғылыми қызметкері Ермек Тоқтаров.

 Форумның алғашқы күні «Мемлекет, ғылым және бизнес арасындағы өзара іс -қимыл - елдің инновациялық дамуының негізгі факторы» пленарлық сессиясының отырысынан бастады. Оның спикерлері: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР ҰҒА президенті Мұрат Журинов, Ресей Ғылым академиясының президенті Александр Сергеев, Беларусь Ұлттық ғылым академиясы президиумының төрағасы Владимир Гусаков, басқарма төрағасы - ҚазҰАУ ректоры Тлектес Есполов, Freedom Finance холдингінің бас директоры Тимур Турлов, Нұрсұлтан Назарбаев қорының ғылыми кеңесінің төрағасы Ермек Тоқтаров, Н.Назарбаев қорындағы мәдениет кеңесінің төрағасы Біржан Хасанғалиев болды.

– Ғылымға, инновацияға және технологияға салынған инвестициялар қоғамның ілгерілеуінде және жалпы экономиканың дамуында шешуші рөлдердің бірін атқарады. Жас ғалымдардың 1-ші халықаралық форумы мемлекет, елдің жас зияткерлік қоры мен бизнесі үшін сапалы диалог алаңына айналатынына сенімдімін. Біз бірге елдің ғылымы мен экономикасын одан әрі дамытудың дұрыс жолын таба аламыз, – деді пленарлық отырыс кезінде Freedom Finance АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Тимур Турлов.

Жас ғалымдар мен Форум тыңдаушылары үшін ұйымдастырушылар түрлі шаралар бағдарламасын дайындады. Үш күн бойы, 8-10 қыркүйек аралығында ашық дәрістер, мастер-класстар, шоу -кейстер, ғылыми жетістіктер көрмесі, бірінші республикалық кәсіпкерлік диктант, «Жасыл әлем» және «Тұлға мен қоғам» ғылыми сессиялары, ғылыми-көпшілік байқауы өтеді. «Science Slam - Қазақстан», «Youth Start UP» инновациялық бизнес-жобалар байқауы, «Қазіргі қазақстандық ғылымдағы тұрақты даму» дөңгелек үстелі, «Жасанды интеллект, үлкен деректер мен медицина» халықаралық конференциясы және т.б.

Форум қатысушылары Кремний алқабының ірі венчурлық инвесторы Николай Давыдовтың «Бізге стартаптар не үшін қажет?» атты ашық дәрісін ерекше ықыласпен қабылдады. АҚШ-тың сериялық кәсіпкері «адамзат ғалымдар ойлап тапқан жаңалықтар арқылы дамиды, бірақ ғылыми жобаларды кәсіпкерлер таратады» деп есептейтінін айтты.

 –  Венчур әрқашан стратегияға байланысты. Венчурлық инвестор ретінде мен стартаптарға инвестиция саламын. Ең алдымен, жобалардың саны осында анықталады. Біз көп инвестиция салуымыз керек және жиі. Бастапқы кезеңде біз 100 компанияға инвестиция салуымыз керек. Олардың бірі инвестицияны қайтарады деп үміттену үшін біз жеңімпаздарды іздейміз. Кім жақсырақ өссе, соларды көбейту мақсатында мүмкіндігінше көп капитал беруге тырысамыз. Менің стратегиям, оны бұрыннан жасап жүрген құрылтайшылармен бірге көптеген компанияларға инвестиция салуға негізделеді. Мен өзім бір нәрсені түсінетін жобаларды қолдағанды ұнатамын. Өйткені, мен жобаны түсінсем, оларға көмектесе аламын және осылайша өз инвестициямның құнын көбейте аламын, –  деді форум қонағы.

«Формула-1» сарапшысы мен талдаушысы Марк Галлахер «Технология мен ғылым бизнестің жаңа шындыққа бейімделуіне «Формула-1» мысалын қолдана отырып көмектеседі» дәрісінде ғылымның жаңа жетістіктерге жетуге мүмкіндік беретін жаңа технологияларды қалай шығаратыны туралы баяндады.

Сонымен қатар, ашық дәрістер кезінде «Netology-group» білім холдингінің инвесторы және құрылтайшысы Максим Спиридонов пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов та сөз сөйледі. Олар инновациялық идеялар, кәсіпкерліктің ғылыми дамуы, проблемалар мен бизнестің перспективалары үшін инвесторларды қалай іздеу керектігін айтты.

Оған қоса, форум қатысушыларының назарына үш семинар ұсынылды. Ғылым туралы жазатын журналист және ғылымды насихаттаушы Ася Казанцева ғылыми-көпшілік кітапты қалай жазу керектігін айтты. «Болашақта бізді қандай фантастикалық биотехнологиялар күтіп тұр?» және «қазірдің өзінде қайсысы шындыққа айналды?», деген сұрақтардың жауабын көрермендер жазушы, биолог және блогер Александр Панчинмен кездесу барысында білді. Ал әлемге әйгілі Elsevier баспасының Орталық Азия мен Әзірбайжан елдеріндегі өкілі Дамир Рахметов ғылыми жарияланымдар арқылы өз зерттеулерін қалай көпшілікке таныту керектігін айтып берді.

Естеріңізге сала кетейік, шара гибридті форматта өтеді. Кейбір спикерлер Нұрсұлтан Назарбаев қорының Алматыдағы өкілдігінде, қалғандары Қазақстанның әр түрлі қалаларынан және әлем елдерінен онлайн режимде форумға қосылады.

Форумға 14 елден 200-ге жуық спикер мен баяндама жасаушылар қатысады. Олар: Қазақстан, Беларусь, Ұлыбритания, Германия, Канада, Қытай, Латвия, Португалия, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түркия, Украина, Франция елдерінен.

Форум әртүрлі елдерден, тілдік және уақыт айырмашылығына қарамастан, сарапшыларды, атақты ғалымдармен онлайн форматта байланысуға мүмкіндік береді. Осылайша шекараны кеңейтеді және қазақстандықтарды ғылыми жетістіктер саласындағы жаңалықтармен және әлемдік тенденциялармен таныстырады.

Ауқымды шара Нұрсұлтан Назарбаев қорының шәкіртақы және ғылыми жобалардың жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен аяқталады.

Тыңдаушылар әлемнің кез келген жерінен  scienceforum.kz сайтындағы тікелей эфирге қосыла алады.

Форумға Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы мен ҚР Білім және Ғылым Министрлігі қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, АХҚО, «Атамекен» ҚР АЭС, Astana Hub, Автономды кластерлік қордың көмегімен «Инновациялық технологиялар паркі» қолдау білдіреді.

Форумға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Абай атындағы ҚазҰПУ Сорбонна-Қазақстан институты, Астана IT университеті, Тұран университеті, Каспий қоғамдық университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, «Болашақ» университеті, Қазақстанның жас ғалымдар-педагогтарының қауымдастығы, Қызылорда облысы цифрлық технологияларды басқару ақпараттық технологиялар орталығы жан-жақты қолдау көрсетті.

Бағдарлама жайлы толығырақ ақпарат scienceforum.kz. сайтында жарияланған.

 

 

Нұрсұлтан Назарбаев қорының

Алматыдағы өкілдігі,

PR-менеджер Артур Жұмашев,

+7 708 960 56 13,

pr.zhumashev@gmail.com.

Түсініктеме қалдыру