news-img

Еліміздің өңірлерінен келген тағы 35 медицина қызметкері  елордада біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Оқу курсынан өткен мамандар Батыс Қазақстан, Атырау, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қамқорлық» оңалту орталықтарында жұмыс істейтін болады.

Оқыту барысында өз саласының кәсіби мамандары, соның ішінде халықаралық тәлімгер, Ресей ФМБА Ми және нейротехнологиялар федералдық орталығының аға ғылыми қызметкері, Мәскеу ҮЕЖЖББМ  психоанализ институтының доценті Галина Ковалева сабақ берді.

«Курстың мақсаты – әртүрлі жастағы балалардың дамуындағы маңызды көрсеткіштерді сараптамалық бағалау бойынша практикалық дағдыларды қалыптастыру. Практикалық жаттығулар блогы әрбір науқастың физикалық жағдайы мен мүгедектігін ескере отырып, оны оңалту қажеттіліктерін анықтауға мүмкіндік береді. Содан кейін оңалту жұмыстарының міндеттерін анықтайды және халықаралық классификация негізінде оңалту маршрутын жасайды», - дейді Галина Алексейқызы.

Оқу курсының екінші блогы –  9-13 қараша аралығында Тараз қаласында «Қамқорлық» оңалту орталығының базасында өтеді. Оған Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарынан 40 маман қатысады. Қамқорлық орталықтарынан барлығы 75 маман оқудан өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың желтоқсан айында Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен 8 оңалту орталығы және 16 инклюзивті қолдау кабинеті ашылды. 2021 жылдың соңына дейін тағы 8 оңалту орталығы мен 6 ерте араласу орталығы ашылады.

Түсініктеме қалдыру