Халықаралық «Кім білгіш?» интеллектуалды-танымдық турнирінің қорытындысы анықталды
«Nazarbaev ortalygy» балаларды дамыту орталығында Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту қоры жариялаған «Кім білгіш?» интеллектуалды-танымдық ойыны бойынша жоғарғы сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған халықаралық турнирдің финалдық ойыны және марапаттау рәсімі өтті.
«Кім білгіш?» ойыны Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында өтті.
Шараға Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы және Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шауеев қатысты.
Жобаның мақсаты – дарынды балаларды анықтау, олардың танымдық қызығушылықтарын ояту, оқушылардың мәдени және білім деңгейін көтеру, сондай-ақ мектеп оқушылары арасында бос уақытты тиімді ұйымдастыруға ықпал ету.
«Кім білгіш?» турнирі 2016 жылдан бастап өткізіліп келеді. Алдыңғы ойындардың қорытындысы бойынша турнирге еліміздің әр өңірінен 45 000-ға жуық жоғары сынып оқушылары қатысып, олардың 53-і «Жылдың ең ақылды оқушысы» атағына ие болып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы “Турнирдегі жеңістеріңіз жеке дамудағы кезеңнің бірі. Сіздерге жарқын жеңістер, өмірде білімді әрі табысты болуға септігін тигізетін жаңа білімді меңгеруді тілеймін!», - деді құттықтау сөзінде.
Турнир жазғы демалыс кезінде екі кезеңде қашықтықтан өтті. Жеңімпаз болған ойыншылар Нұрсұлтан қаласында өткен финалдық ойынға қатысты. Финалға ең көп ұпай жинаған 10 ойыншы шықты. Ойын барысында қатысушылар таңдалған тақырып бойынша сұрақтарға жауап беріп, білгірліктің жоғары деңгейін көрсетті. Іс-шара балаларға бәсекелестік рухын сезінуге және білімдерін көрсетуге мүмкіндік берді.
Осылайша, қазақ тілді ойыншылар арасында:
1 орынға Нұр-Сұлтан қаласы, №74 мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Бақытжан Шекеров ие болды.
2 орынға Нұр-Сұлтан қаласы, №74 мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы - Аяулым Кенжебекова алды.
3 орынға Нұр-Сұлтан қаласы, №2 орта мектебінің 9 сынып оқушысы Мақсат Тілектес ие болды.
Орыс тілді ойыншылар арасында:
1 орынға Екібастұз қаласы, Облыстық көп салалы дарынды балаларға арналған көптілді лицейінің 10 сынып оқушысы - Аргын Мысанов
2 орынға Павлодар облысы, Ақсу қаласы, №4 орта мектебінің 10 сынып оқушысы – Амина Бектасова
3 орынға Ақтөбе қаласы, Әлімхан Ермеков атындағы № 23 орта мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы – Анеля Изденова ие болды.
Финалға қатысқаны үшін ынталандыру сыйлығымен және «Жылдың үздік оқушысы» атағымен Түркістан облысы, Есіркеп батыр атындағы жалпы орта мектебінің 10 сынып оқушысы Қарақат Жүсіп, Шымкент қаласы, №37 Фурқат атындағы жалпы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Нұржан Қонысбек, Түркістан облысы, М. Әуезов атындағы IT-мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Нұрайым Жолтай, Түркістан қаласы, Н.Оңдасынов атындағы Түркістан мамандандырылған мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы Шұғыла Жарылқасын марапатталды.
Турнирдің жеңімпаздарына «2021 жылдың ең ақылды оқушысы» атты арнайы диплом мен ноутбук және смартфон сияқты бағалы сыйлықтар табысталды.