Ұлы даланың мәдениет дәріптеу
«TURAN» фольклорлық-этнографиялық ансамблі – 13 жылдан бері фольклорлық мотивтер, көмей және ұлттық аспаптардың үні арқылы елдегі және шетелдегі жанкүйерлерін баурап, таңғалдырып жүр.
Отандық сахнада өз орнын тапқан музыканттар дала мәдениеті мен салт-дәстүрді дәріптеп, қазақстандық бірегейлікті сақтауға өлшеусіз үлес қосып келеді. Ал ансамбльдің негізі еліміздегі басты шығармашылық ұстаханаларының бірі – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында қаланды. Осы уақыт ішінде команда құрамы шамалы өзгергенімен, негізі сақталды. Ансамбль құрамында Бауыржан Бекмұханбетов, Ержігіт Әлиев, Мақсат Медеубек, Серік Нұрмолдаев және Жанту Дадабаев есімді бес орындаушы бар. Олардың барлығы да ансамбльде өнер көрсетумен қатар, педагогикалық және ғылыми қызметпен де айналысып жүр.
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры «TURAN» тобы құрылған кезден бастап іс жүзінде оған толық қолдау көрсеттті. Команданың қалыптасуы мен алға жылжуында маңызды рөл атқарды. Топ бірінші альбомын өз күшімен шығарды, ал екінші және үшінші альбомды топ Қордың қолдауымен шығарды және халыққа ұсынды.
– «Ер Тұран» атты екінші альбомымыз, қобызда ойнауды үйренуге арналған сайт пен «Kobyzbook», қосымшасы, 2018 жылы Қытайға OCT-LOFT джаз-фестиваліне қатысу үшін барған сапарымыз – мұның барлығына жас өнер өкілдерінің шығармашылық жобаларын дамытуға бағытталған Қор гранттарының арқасында қол жеткіздік, – дейді топ мүшелерінің бірі Мақсат Медеубек. Айта кетейік, Мақсат Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында және Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында сабақ береді. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Мәдениет жөніндегі кеңес мүшесі.
Сондай-ақ, қордың көмегімен ансамбльдің көптеген шығармашылық кездесулері мен концерттері ұйымдастырылып тұрады. Музыканттар «QAZAQ ELI» деген атпен кеше Қордың Алматыдағы кеңсесінде сондай концерттерінің бірін өткізді. Сазды кеш барысында «Ұлы Тұран-мәңгілік», «Шабыт», «Аққу», «Ақсақ құлан», «Бүркіт», «Ортеке», «Сырласу», «Қара жорға», «Қазақ елі», «Көроғлы», «Ертұран» секілді туындыларды орындады.
«TURAN» ансамбілінің сахнадағы ерекшелігі – жігіттер шағын лекция форматында көрермендерге көне музыкалық аспаптармен өнер көрсету туралы айтып, орындаушылық шеберліктерімен бөлісті. Тамақпен ән айту бойынша шеберлік сабақтарын өткізіп, тыңдармандары қойған сұрақтарға жауап берді.
Концерт-дәрісте ұжым 13 жылдық шығармашылық жолдың қорытындысын шығарып, алдағы уақытта қалай дамитыны туралы жоспарларын айтып берді.
Айта кету керек, «TURAN» фольклорлық-этнографиялық ансамблі Қазақстан, Венгрия, Германия, Израиль, Испания, Қытай, Норвегия, Ресей, АҚШ, Түркия, Украина, Өзбекстан, Франция, Швейцария, Оңтүстік Корея елдерінде аса танымал.
Нұрсұлтан Назарбаев Қорының
баспасөз қызметі