news-img

Атлантикалық кеңесте Азия бойынша сарапшы, «Newlines» стратегия және саясат институтының аналитикалық даму жөніндегі директоры Камран Бохаридің «Қазақстандық-америкалық қарым-қатынастарға отыз жыл: қаңтар дағдарысы және болашаққа жол» атты баяндамасы таныстырылды.

Атлантикалық кеңес халықаралық қауіпсіздік пен жаһандық экономика мәселелерін талқылайтын әлем саясаткерлері мен кәсіпкерлері үшін америкалық жетекші аналитикалық алаң болып табылады.

Бірлесіп жазылған еңбектің авторы, Атлантикалық кеңестің аға ғылыми қызметкері, Халықаралық салық және инвестиция орталығының энергетика және қауіпсіздік бағдарламасының директоры Ариэль Коэн баяндамада Қазақстандағы қаңтар оқиғасының себептері мен елдің тұрақты дамуына негіз болатын іс-әрекеттір туралы өз ойын білдірді.

«Бейбіт наразылықтар аяқ астынан саяси төңкеріске тән бүлікке, қару-жарақты қолдану арқылы жасалатын зорлық-зомбылыққа ұласты. Жаппай тәртіпсіздік пен тонау, қирату адам нанғысыз болды. Әлеуметтік теңсіздікті шешуде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте бизнеспен, азаматтық қоғаммен тығыз серіктестікті одан әрі нығайтуда Қазақстан үкіметі үшін маңызды мәселелер баяндамада қамтылды деп есептейміз. Елдің табысы нарықтық реформалар мен қарым-қатынастарды іске асыруға - шетелдік компаниялар мен Үкіметтің өзара іс-қимылына да байланысты», - деді А.Коэн.

Камран Бохари өз сөзінде еліміздің халықаралық саясаттағы маңызды рөлін атады: «АҚШ пен Еуропа сынды дамыған демократиялық елдердің өзінде тәртіпсіздік болады. Мемлекеттің қуаты қоғамдық толқулардың болу-болмауымен өлшенбейді, керісінше осындай соққыларға қалай төтеп беретіндігінде. Орталық Азиядағы саясатты Қазақстансыз елестету мүмкін емес. Бұл АҚШ әскери күштерінің Ауғанстаннан шығуы, Украинадағы әскери қақтығыс және т.б. жанжалдарды реттеудегі және түрлі қатерлерді жоюдағы маңызды рөліне байланысты болуы мүмкін. Қазақстан – экономикадағы, әлеуметтік саладағы және саясаттағы мемлекетаралық серіктестіктер үшін мүмкіндіктер алаңы».

          Камран Бохаридің пікірімен АҚШ Энергетика министрінің бұрынғы орынбасары Дэниел Понеман да келіседі, ол Қазақстанның бейбіт саясатты іске асырудағы қадамын оң бағалады. «Қазақстан Иран, Қытай және Ресей сияқты түрлі мемлекетпен келіссөздер жүргізуге қабілетті. Қарқынды дамушы елді қалыптастыруда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін ерекше атап өткім келеді. Сондай негіздердің бірі ядролық қарудан бас тарту еді. Бұл оның есімін тарихта қалдырған стратегиялық шешім деп санаймын».

          «Бүгінгі Ресей мен Украина жағдайын бақылай отырып, Қазақстанның географиялық тұрғыдан қаншалықты күрделі және елдің ядролық қаруды таратпау, энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін шешуде қаншалықты маңызды екенін айқын көріп отырмыз. Қазақстан сияқты Орталық Азия өңіріндегі сенімді серіктестің маңызын түсінеміз», - деді Халықаралық салық және инвестиция орталығының президенті Дэниел А.Витт.

Түсініктеме қалдыру