Жүзеге асырылған 311 әлеуметтік идея
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесін жүзеге асырған 14 жыл ішінде коммерциялық емес ұйымдардың 311 стартапына қолдау көрсетті.
Айта кетейік, қордың басты бағдарламасының бірі әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі талай жылдан бері өзінің тұрақтылығын, өзектілігін және сұраныста екенін дәлелдеп келеді. Жыл сайын жәрмеңкеге тақырып қойылып, болашақ әлеуметтік маңызы бар жобалардың бағыты айқындалады.
Әр жылдары жәрмеңке ұлт денсаулығы, жаңа технология, әлеуметтік инновация, жасыл экономика, тұрақты даму мақсаты, мемлекет, бизнес және КЕҰ әріптестігі және т.б. арналды. Бұл аралықта республикаа бойынша белсенді коммерциялық емес ұйымдардың әлеуметтік маңызды бастамалары құрылып, іске асты. Солардың бірі Талдықорғандағы аутизм спектрінің бұзылуы (АСБ) бар балаларға арналған сенсорлық интеграция кабинеті, Атырауда мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған инклюзивті шеберхана, Алматыда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған сенсорлық ойын жиынтығы, Ақмола облысында көкөніс өсіруге арналған фитодиодты жарықтандыру арқылы жұмыс істейтін жерасты жылыжайы, балалар мен жасөспірімдерге арналған ұлттық сенім телефон желісі, Қостанай облысындағы креативті экологиялық қозғалыс және т.б.
Қазақстандағы балалар жылына арналған осы жәрмеңкенің тақырыбы «Үйлесімді даму және бақытты балалық шақ – қазіргі заманауи негізгі басымдық» деп аталады. Демек, алдағы уақытта еліміздің коммерциялық емес секторы балалардың балалық шағы мен құқығын қорғауды қамтамасыз етуге арналған жобаларды ұсынады.
2022 жылғы жәрмеңкенің бірінші кезеңі аяқталды. Енді комиссия үздік 50 жобаны анықтап, авторларын ақтық сайысқа қатысу үшін Алматыға шақырады.
Барлық қатысушыға сәттілік тілейміз!