Нұрсұлтан Назарбаев Балалардың көркемөнер мектебі – ЮНЕСКО клубы оқушыларының шығармашылық жұмыстары қойылған көрмеге барды
Елбасы «Менің Қазақстаным – менің жерім» атты балалар шығармашылығы фестивалі аясында Тұңғыш Президент музейінде ұйымдастырылған картиналар мен қолөнер көрмесін тамашалады.
Нұрсұлтан Назарбаев көрмеге қатысушы жас суретшілермен сөйлесіп, музейдің тақырыптық залдарындағы жаңа экспонаттармен танысты.
Елбасымен кездескен картина авторының бірі Лариса Иванова. Ол Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 арнайы мектеп-интернатында оқиды, «Елбасы Медалі» жобасының қола медалінің иегері.
18 жастағы Лариса Қазақстанның Тұңғыш Президентіне бала кезінен қолөнермен, сурет салумен, ұсақ моншақтардан панно жасаумен айналысатынын айтты.
Мұғалімдердің айтуынша, қыз өте пысық, шығармашылық жұмысты әрдайым соңына дейін жеткізуге тырысады.
Лариса Елбасыға акварельмен ұштастырып, ұсақ моншақтармен өріп жасаған «Жар-птица» туындысын сыйлады.