news-img

Кеше Алматыдағы Нұрсұлтан Назарбаев Қорының өкілдігі сахнасында керемет шоу өтті. Мұнда аты аңызға айналған шведтік «ABBA» поп-тобының жанкүйерлері ABBA MANIA концертін көруге жиналды. 

Әлемге әйгілі «ABBA» тобының хит әндерін Петр Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің студенттері мен оқытушылары орындады. Атап айтсақ, «Dancing queen», «So long», «SOS», «Mama Mia», «Money money», «Gimme gimme» және т.б. тректер.

— Әлемдегі миллиондаған адам «ABBA» тобының әндерін жақсы көреді, сүйіп тыңдайды. Әйгілі швед квартеті музыка тарихындағы танымал ең үздік топтың бірі. Осы әйгілі скандинавиялық топтың әндері бүгінгі күнге дейін радиоларда қойылып, альбомдары жақсы сатылуда. Қазіргі ұрпақ өткен жылдардағы «АВВА» секілді әлемдік деңгейдегі эстрада өкілдерін білуі керек деп санаймын, — деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, музыкалық колледждің директоры, Қор жанындағы мәдениет жөніндегі кеңестің төрағасы Біржан Хасанғалиев.

«Музыканттар сәтті таңдалыпты! Керемет вокал! Музыкалық аспаптар да жақсы екен!», - деп көрермендер концерттен алған әсерін бөлісті. Кеш қонақтары осындай кездесулер мен мәдени іс-шаралар жалғасса деген ниетін білдірді. 

Колледждің бұл эксклюзивті музыкалық жобасы Нұрсұлтан Назарбаев Қорының шығармашылық бастамалар зертханасы аясында іске асқан. Зертхана шығармашылық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге қажетті заманауи материалдық-техникалық база болып табылады. Бұл талантты жастардың шығармашылық әлеуетін ашуға, бірегей жобаларын жүзеге асыруға бағытталған.

Музыканттар барлық композицияны кәсіби оркестрдің сүйемелдеуімен орындап, көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады.

Түсініктеме қалдыру