news-img

Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Алматы қаласындағы өкілдігінде «The Planet of ART 2022» халықаралық фестивалінің аймақтық іріктеу кезеңі өтіп жатыр. Байқауға Алматы қаласының 12-18 жас аралығында 200-ге жуық бала қатысқан. Олар вокалдық, аспаптық және хореографиялық номинация бойынша талантын көрсетіп жатыр.

Фестиваль Армения, Әзірбайжан, Грузия, Иран, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Түркия, Өзбекстан сияқты Қазақстанға жақын 11 елдің балаларының басын қосқан. Жобаның мақсаты - дарынды жас әншілерді анықтау, қолдау, шығармашылық әлеуетін іске асыру және іс-шараға қатысушы елдердің балалары арасындағы достық байланысты нығайту арқылы мәдениетаралық диалог пен өзара түсіністікті дамыту.

Әлеуметтік мәртебесіне қарамастан байқауға қатысушылардың болашақта Қазақстанның білікті мамандарымен және еңбек сіңірген өнер қайраткерлерімен тегін түрде бірігіп жаттығуы үшін өз дағдысын көрсетуіне мүмкіндігі бар.

Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша «The Planet of ART 2022» халықаралық фестивалінде Қазақстанның атынан қатысатын финалистер анықталады. 2022 жылдың 30 мамырында @unescoclubskz instagram парақшасы мен unescoclubs.kz сайтында бұл кезеңнің нәтижесі жарияланады.

- Республиканың түкпір-түкпірінен келген балалар педагогтармен бірігіп дайындаған шығармашылығын ұсынады. Олардың кейбірі тіпті, жүректі жаулап, жанды тербейді. Балалар болашағымыз әрі үмітіміз, біздің жарқын және жақсы өмір сүруіміздің кепілі! ЮНЕСКО клубтар федерациясы мен оның басшылығына еліміздің түкпір-түкпірінен балаларды іріктеп, жинауға және бір-бірімен танысуға, болашаққа жоспар құруға мүмкіндік берген осындай тамаша жоба үшін алғыс айтамын, - деді қазылар алқасының мүшесі, театр режиссері, балетмейстер, өнертану кандидаты, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Ғылым және мәдениет жөніндегі кеңестің мүшесі Дамир Оразымбетов. 

Барлық 11 елдің жеңімпаздары 15-23 шілде аралығында Ақтөбе қаласындағы мәдени-білім беру бағдарламасына шақырылып, шығармашылық бағыт саласындағы үздік тәлімгерлермен шеберлік сыныптары мен сабақтар, бейбітшілік пен төзімділік мәдениеті бойынша тақырыптық семинарлар өтеді әрі гала-концертте өнерлерін көрсетеді.

2022 жылғы фестивальдің музыкалық бағытының тақырыбы бейбітшілік пен келісім, бұл жер шарындағы барша халықтың бейбітшілік, мейірімділік, төзімділік және достық идеясын насихаттайтын ЮНЕСКО-ның негізгі миссиясымен үндеседі.  Міне, осылайша, фестиваль өңірдің өскелең ұрпағын біріктіретін әрі шығармашылық пен достық байланыс орнату арқылы бейбітшілік пен жарқын болашаққа деген үміт сыйлайтын тағы бір алаңға айналады.

Түсініктеме қалдыру