news-img

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Алматы қаласындағы өкілдігінде Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ескендір Хасанғалиевті еске алуға арналған романс кеші өтті.

Кеш барысында  Абай атындағы ҚҰОБТ солистері, Ескендір Хасанғалиев атындағы І халықаралық опера орындаушылары байқауының лауреаттары, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің ұстаздары өнер көрсетті.

Концертті халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, «Алатау» жастар хоры ашып, «Бозторғайым» романсын орындады. Кеште «Вспоминается мать», «Жігерімді  жұмсадым», «Айлы түн», «Көз алдымда нұрлы жүзің», «Жолыңа қарап тұрдым мен», «Алтын құмдағы тебіреніс», «Жазғы дәурен», «Сені ойлаймын» және т.б. белгілі шығармалар шырқалды.

Ескендір Хасанғалиевтің мұрасы музыкалық бағыттардың алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Композитор Ескендір Өтегенұлы шабытты бала кезінен өзі  тыңдап өскен қазақ халық музыкасынан алған.

Сонымен қатар, Ескендір Хасанғалиевтің ұйғыр әні негізінде ұлы Біржан Хасанғалиев «Ұйғыр тангосы» атты шығарма жазған. Кеште осы әнді «Достлуг» ұйғыр халық аспаптар ансамблі алғаш рет орындады.

Концертке қатысушылар мен залдағы көрермендер «Атамекен» әнін хормен шырқады.

 – Қазақ даласына қаншама інжу-маржан ән сыйлаған Ескендір Хасанғалиевті білмейтін қазақ кемде-кем деп ойлаймын. Әйгілі «Атамекен» әнін еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін орындайды. Хәкім Абай айтқандай «Өлді деуге сыя ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған дегендей», қазақ барда Ескендір Өтегенұлының есімі ешқашан өлмейді, бүгінгі концерт соның дәлелі, – дейді К.Бәйсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған музыка мектебінің директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бахтияр Әбдірашов.

Айта кетейік, романс кеші көрнекті композитордың шығармашылығына арналған бірқатар іс-шараны қорытындылады. Атап айтқанда, Елордадағы концерт, Е.Хасанғалиев атындағы І халықаралық опера орындаушыларының байқауы, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция және т.б.

Түсініктеме қалдыру