news-img

Бүгін М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің (ММУ) қазақстандық филиалында магистратура және бакалавриат түлектеріне диплом тапсыру салтанатты рәсімі өтті.

Іс-шараға Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директорының орынбасары, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы, ҚР Еуропа Кеңесінің Венециялық комиссиясының мүшесі Игорь Рогов, қазақстандық ғарышкер, Қазақстанның Халық Қаһарманы Айдын Айымбетов және т.б. құрметті қонағы ретінде қатысты.

М.В. Ломоносов атындағы ММУ қазақстандық филиалының директоры, профессор Александр Сидорович диплом табыстау рәсімін аша отырып, ММУ қазақстандық филиалы 2001 жылдан бері экономиканың түрлі салаларында табысты еңбек етіп келе жатқан 2200-ден астам жоғары білікті магистрлерді, бакалаврларды даярлағанын атап өтті.

"Білім мен ғылымды қолдау ондаған жыл бойы Қазақстан мен Ресей президенттері үшін маңызды басымдық болды. Бұл көршілес елдердің білім беру саласындағы көпқырлы серіктестігінен көрініс тапты. Осындай өзара іс-қимылдың бір мысалы - Қазақстан астанасында ММУ филиалының жұмысын ұйымдастыру", - деді Игорь Рогов. 

Игорь Рогов оқу ордасының түлектеріне өздерін дамытуды жалғастыруын тіледі: "Құрметті түлектер, диплом алып, қол жеткізген жетістіктеріңізбен тоқтап қалмай, жаңа білімге ұмтылыңыздар. ММУ университетіне аты берілген ұлы адамдай, ал ғылымды дамытуда "Полиглот" болыңыздар!".

Салтанатты рәсім аясында университет филиалының оқытушыларына түлектер алғыс айтып, республикалық музыкалық байқаулардың жүлдегерлері домбырада күй орындады.

Түсініктеме қалдыру