Елбасы Академиясы ұйымдастырған байқау өз мәресіне жетті
«Ел Үміті» бастамасы аясындағы «Елбасы медалі» жобасының қатысушылары арасындағы екі конкурс инстаграм әлеуметтік желісінде ұйымдастырылған. Кіл мықтыны анықтау үшін комиссия шешім шығарып, қорытындысын шығарды.
14 желтоқсан-29 қаңтар аралығында өткен байқауға 24 қатысушы қатысты. Оның алтауы жеңімпаз атанып, сыйлықтар ұтып алды. Байқау шарты бойынша қатысушылар «Елбасы медалі» жалпыұлттық бағдарламасына қатыспаған кездегі деңгейі мен қатысқаннан кейінгі қалпын баяндауы керек болатын. Олар 3 минуттан аспайтын бейнеролик түсіріп, мына сұрақтарға жауап іздеген: «Елбасы медалі» жобасынан не үйрендіңіз? Қаншалықты өзгердіңіз? Келесіде қай деңгейге қатысқыңыз келеді? Не үйренгіңіз келеді?
Байқауға қатысушылар туындыларында осы сауалдарға жауап іздеген. Комиссия олардың баяндау тәсіліне, бейнероликтің ұзақтығына, монтаждау тәсіліне мән берді.
I орынды Қостанай облысы, Рудный қаласының тұрғыны Максим Панченко иеленіп, планшет ұтып алды. Максим жобаға қатысқанының арқасында ол шешендік қасиеттерін дамытып, жастарды дамыту бойынша жеке жобасын іске қосып, "Елбасы медалі"жобасының амбассадоры бола алғанын айтты.
Ал II орын Атырау облысы, Жылыой ауданы, Ақкиізтоғай ауылының тұрғыны Айтбаева Гүлжайнаға, Атырау қаласы, Сарықамыс ықшам ауданының тұрғыны Мадина Қожабалуанға беріліп, электронды кітап сыйға тартылды. Қатысушылар жыл бойы шығармашылық дағдыларын қалай дамытқанын айтып, өз қалаларының эко-акцияларына белсенді қатысты.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Мырзағалиева Диана, Алматы қаласының тұрғыны Нүсіпбек Тоғжан мен Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ембі қаласының тұрғыны Памеш Ақниет III орынды алды. Оларға смарт-сағат берілді. Жас белсенділер ұйымшыл бола бастады, тайм-менеджмент дағдыларын игеріп, жаңа қырын ашты. Мысалы, Ақниет өз мектебінің жетекші дебат клубының мүшесі болып, аймақтық пікірсайыс жарыстарына қатысып үлгерді.
18 қараша -15 қаңтар аралығында өткен келесі байқауға Елбасы медалінің 20 қатысушысы қатысты. Байқау талабына сәйкес олар ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының сөзіне жазылған әндердің бірін таңдап, жайлы жерде 3 минуттан аспайтын бейнеклип түсірді. Әндерге тоқталар болсақ: «Жерім менің», «Үшқоңыр», «Елім менің», «Шұбар ат», «Отан ана», «Сағыныш», «Сарыарқа», «Город мой».
Комиссия байқауға қатысушылардың дауыс ырғағына, бейнеклиптің қалай түсірілгеніне, ұзақтығына мән берді. Бас жүлде иегері, Атырау қаласының тұрғыны Ким Викторияға музыкалық колонка берілді.
Екінші орынды Алматы қаласының тұрғындары Пернебеккызы Диана мен Қыдырмұрат Асел иеленді. Оларға құлаққап сыйға тартылды.
Ал үшінші орын Шымкент қаласының тұрғыны Мерей Сабденге, Нұрсұлтан қаласының тұрғыны Ткаченко Виолеттаға және Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ембі қаласының тұрғыны Памеш Ақниетке бұйырды. Оларға power bank пен сақиналы шам бірге жіберілді.
Қатысушылардың барлық жұмыстарымен Елбасы Академиясының youtube-арнасында танысуға болады.