Алматыда психологтар мен әдіскерлерге арналған семинар өтіп жатыр
Тұлғалық тұрғыда толық қалыптасқан парасатты жанды тәрбиелеу үшін ата-ана мен мұғалімнің әсері орасан зор. Бүгінде жұмысбасты ата-ананың баласының күнделікті іс-әрекетін қадағалауға мұршасы жоқ. Кейбіріне «жұрттың баласы» дарынды болып көрінсе, енді бірі олардың жан-дүниесіне үңілуге зауқы жоқ.
Қазіргі таңда баланың табиғатын кішкентайынан бақылап, оның бойындағы жасырынып жатқан дарынын ашып көрсетуге ұмтылатын қызметтер жетерлік. Дегенмен, ата-аналардың көпшілігі баланың даму деңгейін дөп басып анықтайтын жобаларды біле бермейді. Міне, осы бағыттағы «Qabilet» қызметі 5-17 жас аралығындағы балалардың қабілеттерінің диагностикалау жүйесін құруды көздейді. Дәл қазіргі уақытта 10-11 жастағы балалар үйде отырып-ақ, дағдыларын дамытуға бағытталған психологиялық сабақтарды «4К» бойынша тегін негізде qabilet.elbasyacademy.kz платформасында тест тапсыра алады. Егер үйінде диагностикадан өтуге мүмкіндігі болмаса, «Дарын» орталығына баруына болады. Бүгінде 134 000 бала өзінің қай салаға икемі барын, қай тұсын жетілдіру керегін білді.
Айта кетейік, 4 «К» дағдылары: сыни ойлау, шығармашылық, қарым-қатынас, ынтымақтастық - ХХІ ғасырдың негізгі құзыреттерінің бірі. Психологиялық диагностика саласындағы ұлттық сарапшылар авторлық әдістемелерді әзірлеп, тесттерді бейімдеген болатын.
Алдағы уақытта 7-9 жастағы оқушылардың қабілеттерін диагностикалау жоспарланып отыр. Енді баланың дарынын анықтайтын мамандардың білікті, кәсіби болуы маңызды екені анық. Осыған байланысты 3-9 қазан аралығында Алматы қаласында "Qabilet" өңірлік қызметтерінің әдіскерлері мен психологтарын 4 «К» дағдыларына байланысты когнитивті, қарым-қатынас қабілеттері мен эмоционалдық интеллектісін психодиагностикалаудың заманауи технологиялары мен әдістерін меңгеру бойынша оқыту семинары өтіп жатыр.
«Іс-шарада 7-9 жастағы оқушылардың қабілеттерін диагностикалау нәтижелері түсіндіріліп, қазақ және орыс тілдерінде оқитын оқушылар мен ата-аналарына ұсыныстар әзірледі. Семинарда оқытылған психологтар мен әдіскерлер қабілеттерін диагностикалаудан өткен балаларға кеңестерін беріп, бағыт-бағдар көрсететін болады», - деді «Балалар мен жастарды диагностикалау және дамыту» орталығының директоры Гүлім Жүсіпова.
Жуырда еліміздің барлық өңірлерінен 80-ге жуық маман оқытылады. Жоба Call орталықтың 8 (7273) 10 02 58 бірыңғай нөміріне тегін қоңырау шалып, сайттағы чат-кеңесшіге жүгіне алады.