news-img

Корея ұлттық қауіпсіздік университеті Хадсон институтының әскери-саяси талдау орталығымен бірлесіп «Ядролық қаруды таратпау саласындағы көшбасшы – «Орта державалар» үшін мүмкіндіктер мен сын-қатерлер: Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының тәжірибесі» тақырыбында вебинар өткізді.

Вебинар Корея ұлттық қорғаныс университетінің ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының қауіпсіздік мәселелері жөніндегі Корей журналында жарияланған баяндаманы талқылауға арналған.

Қатысушылар Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның ядролық қарудың тік және көлденең таралуына қарсы іс-қимылдағы жетістіктерін талқылайды.

Сонымен қатар, екі елдің іс-қимылын түсіндіретін жалпы және әртүрлі факторларға баға береді, жаппай қырып-жою қаруын таратпауға байланысты ықтимал/алдағы қиындықтар мен мүмкіндіктерді талқылады.

Корея ұлттық қорғаныс университетінің ұлттық қауіпсіздік колледжінің ұлттық қауіпсіздік кафедрасының профессоры, Корея Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі Юнджун Ким аебинардың модераторы атанды.

Вебинар спикерлері: қазақстандық дипломат, ҚР Төтенше және Өкілетті елшісі, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры директорының кеңесшісі Қайрат Әбусейітов, баяндама авторы, Хадсон институтының әскери-саяси талдау орталығының аға ғылыми қызметкері Ричард Вайц, «Ядролық қауіпсіздік дағдарысы кезіндегі «Орта державалардың» рөлі» докторлық диссертациясының авторы, Лондон Корольдік колледжінің әскери зерттеулер факультетінің студенті Есеул Ву.

Ричард Вайтц баяндамасында Қазақстанның антиядролық саясатты іске асырудағы нақты қадамдарын атап өтті: «Ядролық қарусыздану және таратпау мәселелері тәуелсіздік алған кезден бастап Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бөлігіне айналды. Көп ұзамай ел аумағында орналасқан ядролық сынақ полигоны жабылды. Сосын Қазақстан ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылды, сонымен бірге, бірқатар бірегей бастаманың авторы болып табылады, соның бірі Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құру».

Оның пікірінше, «Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның халықаралық күш-жігері өте маңызды. Екі ел де ядролық қаруды таратпау бойынша түрлі жобаларға белсенді қатысады. Бәлкім, біз Қазақстан аумағында Төмен байытылған уран банкін құру Оңтүстік Корея үшін үлгі болатыны туралы ойлануымыз керек шығар. Қазақстанның тәжірибесі пайдалы болатын тағы бір сала – ядролық қауіпсіздік. Саммит барысында жоғары деңгейде болмаса да, тым құрығында сарапшылар деңгейіндегі кездесулер аясында өзара іс-қимылды жалғастыруымыз керек».

Қайрат Әбусейітов өзара мүддені дамытуда бірлескен жұмыстың маңыздылығын атады: «Ричард Вайтц өз баяндамасында Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның ортақ тұстары туралы атап өтті. Корей серіктестерімен бірлесіп, біз Астана мен Сеулде ядролық қауіпсіздік мәселелері бойынша екі конференция өткіздік. Сол кезде біз Қазақстанның тәжірибесін қалай пайдалануға болатынын талқыладық. Корей түбегіндегі жағдай өте қиын. Алайда тоқтауға болмайды және біз диалогты жалғастыруымыз керек. Түбектегі екі мемлекетінің де қатысуы маңызды. КХДР-дің жағдайды шешуге деген көзқарасын ескеру үшін Солтүстік Кореядан сарапшыларды шақырып, олармен нақты идеяларды талқылау керек деп ойлаймын. Мен Ядролық қауіпсіздік пен ядролық қарудан азат бейбітшілік үшін жаһандық көшбасшылар Альянсына (https://alliance.global/) осы сараптамалық кездесулерге қатысуды ұсынамын.

Спикер ядролық қаруды таратпаудың қолданыстағы тұжырымдамасы ескіргенін, әлемге жаңасы  қажет екенін және қазіргі кезде оның қалыптасып жатқанын атап өтті. «Украинада болып жатқан жағдайға қатысты оның ядролық қаруды қолдануға қаншалықты жақын екенін түсіну қажет. Біз «орта держава» ретінде белсендірек болып, нақты іс-қимылдар мен ұсыныстар ұсынуымыз керек», - деді Қайрат Әбусейітов.

Есеул Вудың пікірінше, «Ядролық державалар мен ядролық қаруы жоқ елдер арасындағы қақтығыстың күшеюін көріп отырмыз. Мұндай қарама-қайшылық жағдайында барлық елдің, соның ішінде АҚШ пен Қытайдың, сонымен қатар, Корей түбегі елдерінің күш-жігерін біріктіру қажет. Біз ядролық қаруды таратпау туралы шартты бұзып, жетістікке жете алмаймыз».

Ақпарат alliance.global/ сайттан алынған 

 

 

 

Түсініктеме қалдыру